Бұл туралы заң жобасы жыл соңына дейін қаралады
Төтенше жағдай бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кулуарында ескертусіз тауға шығатын туристер жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазір біз Мәдениет және спорт министрлігімен бірге заң жобасын қарастырып жатырмыз. Ескертусіз тауға шығатын туристердің мәселесін қарастырамыз. Бұл – әзірге жоба. Ескертпей маршрутқа шыққаны үшін туристер жазалануы мүмкін. Қазір боранға және полицияның ескертуіне қарамастан жолға шығып кеткен жүргізушілер жауапқа тартылып жатыр. Бұл туралы мен баяндамамда айттым. Осындай 8 жүргізуші жауапқа тартылып, 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сол сияқты туристер де жазаланады», - деді Күлшімбаев.
Бірінші вице-министр жауапсыз әрекеттің шығынға әкелетінін айтты.
«Мысалы, 92 адам мен 40 көлік ешкімге айтпай тауға шығып кеткен адамдарды іздеді. Оларды 3 күн бойы іздедік. Олардың қайда кеткенін ешкім білмейді. Олардың арасында 2 бала да болды. 2 жасар бала да бар. Бәрін аман-есен таптық. Заңды жылдың аяғына дейін қарастырамыз», - деді ол.