Сенат еңбек дауларын реттейтін заңды мақұлдады

Автор: Аягөз Құрмаш

Жаңа нормалар еңбек дауларын азайтуға, жұмысшылардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді

Фото ашық дереккөзден

Сенаттың жалпы отырысында еңбек қатынастары мен дауларын реттейтін заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.    

«Заңды дайындау барысында еңбек құқығы саласындағы үздік тәжірибелер мен Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстары пайдаланылды.Соңғы жылдары қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек дауларының басым бөлігінде келіссөздер өз деңгейінде өтпей, дау-дамайға алып келіп жатыр. Еңбек дауларының алдын алу, ортақ келісімге келу бүгінде өте өзекті. Осы орайда Заңмен жұмыс беруші мен қызметкер арасында өзара еңбек қарым-қатынастарын реттеу және келіссөздер процестерін ұйымдастыруды жеңілдету, келісім комиссияларының, еңбек төрелігінің рәсімдерін және еңбек дауларын шешудегі кәсіптік одақтардың рөлін күшейту қарастырылған», - деді сенатор Ақмарал Әлназарова.    

Ол атап өткендей, келісу комиссияларын қалыптастыру рәсімі қайта қаралып, еңбек дауы бойынша шешім қабылдау кезінде келісу комиссиясы мүшелерінің тең құқығы қамтамасыз етілді, сағаттық ескерту ереуілін өткізу жөніндегі норма айқындалды.    

«Заңмен жұмыс беруші - жергілікті атқарушы органдарды еңбек жанжалының туындағаны туралы міндетті түрде хабардар ету керектігі көзделген. Алайда мұндай талаптарға қарамастан, мәліметтерді кеш ұсынған немесе ұсынбағаны үшін жауапкершілік қаралмаған. Сондай-ақ, уәкілетті орган тарапынан осы талаптардың іске асуына мониторинг жүргізу тәртібі нақтыланбаған. Келешекте аталып отырған сұрақтар еңбек қатынастарын реттейтін заңнамаларды одан әрі жетілдіру барысында ескеруді қажет етеді», - деді ол.    

Өз кезегінде Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы елімізде болған еңбек даулары қайғылы оқиғаларға әкеліп соққанын айтты.    

«Қолданыстағы құқықтық нормалар еңбек жанжалдарының заң шеңберінен тыс қалуына әкелді. Бұл Заң Қазақстан Республикасындағы еңбек қатынастарында жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасында сындарлы диалог жүргізуді және еңбек даулары туындағанда араларында келісім комиссиясын құру арқылы мәселелерді шешу мақсатын көздейді. Заңда еңбек дауларын шешу үшін келіссөздер ұйымдастыру рәсімі оңайлатылған, келісім комиссиялары мен еңбек төрелігі институты күшейтілген, қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғаудағы кәсіптік одақтардың рөлі нақты айқындалған», - деді ол.    

Сенат Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңын мақұлдады.    

Жаңа нормалар еңбек дауларын азайтуға, жұмысшылардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді.