Тарихи финал: дзюдодан Гран-приде екі қазақ қызы ақтық сында белдесті
Осылайша, алғашқы жарыс күні Қазақстан қоржынына алтын мен күміс медаль түсті
Бүгін Португалияның Алмада қаласында дзюдодан Гран-При басталды. Жылдың алғашқы бәсекесі қазақ дзюдосының тарихына алтын әріппен жазылды десек, артық айтқанымыз емес. Себебі, алғаш рет әйелдер арасында екі қазақ дзюдошысы финалда күресті. Алтын үшін айқаста Әбиба Абужақынова тағы бір қазақстандық Ғалия Тынбаеваны ұтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап.
Әбиба Абужақынова іріктеу кезеңінде аргентиналық Кейси Перафан мен сербиялық Андреа Стоядиновты жеңіп, жартылай финалға шыққан. Жартылай финалда тәжірибелі израильдік Шира Ришонидің жауырынын жерге тигізді.
Ғалия іріктеуде әуелі француз Мелани Вьені, сосын америкалық Мария Селия Лабордені, ширек финалда испан Лаура Мартинес Абеленданы голден-скорда ұтқан. Ал Ғалия Тынбаева жартылай финалда португалиялық Катарина Костаны жеңді. Екі дзюдошы голден-скорды қоса есептегенде 11 минут 14 секунд күресті. Осы орайда Ғалияның қайсарлығын ерекше атап өткен жөн.
Осылайша, алғашқы жарыс күні Қазақстан қоржынына алтын мен күміс медаль түсті.