Сарапшы: Сайлау – өңірлердің мүдделерін теңдестіруге бағытталған қадам
Ол депутаттық корпус пропорционалды-мажоритарлық жүйе бойынша құрылатынын айтып өтті
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Жанна Кәрімова алдағы сайлауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Алдағы парламенттік сайлау аясында депутаттық корпус пропорционалды-мажоритарлық жүйе бойынша құрылады. Бұл өңірлердің, партиялық емес әсер етушілердің мүдделерін теңдестіруге бағытталған қадам. Сонымен қатар Мемлекет басшысы мен өңір әкімдерінің партиялық емес мәртебесі сайлау процестеріндегі әкімшілік ресурстың ықтималдығын азайтады», - деді Жанна Кәрімова.
Ол парламенттік сайлауға келетін әлеуетті сайлаушылар туралы да айтты.
«Президенттік басқару нысанындағы көптеген елдің тәжірибесі көрсеткендей, парламенттік сайлауда президенттік сайлауға қарағанда азаматтар аз қатысады. Осы тұрғыдан алғанда, 2023 жылғы парламенттік сайлауға келетін сайлаушы саны кезектен тыс президенттік сайлауда белгіленгеннен төмен болады деуге негіз бар. Алайда көптеген әлеуметтік процестің тәжірибесі көрсеткендей, қарама-қарсы сценарийдің ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды. Жалпы дауыс беруге белсенді қатысу әрқашан қоғамның жетілуінің белгісі, оның билікке деген сенімі, болатын өзгерістердің бастамашысы болуға, саяси процестерге жеке қатысуға дайын болуын көрсетеді», - дейді сарапшы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы жетінші шақырылымдағы Мәжілісті тарату және депутаттардың кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы шығарды. Мемлекет басшысы 2023 жылғы 19 наурызға Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын белгіледі.
Өз кезегінде ОСК мәлихат депутаттарын сайлау күні де 19 наурызға белгіленгенін хабарлады.