Өскеменде көпқабатты үй тұрғындары көмір жағып отыр
Бұл баспаналардың жақын уақытта жылу жүйесіне қосылмайтыны ашық айтылды
Өскеменде ондаған көп қабатты үй орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Соның кесірінен, тұрғындар қыстың қақаған суығында үйлерін жылыта алмай әуре-сарсаңға түсіп отыр. Үсіп қалмаудың қамын қылған елдің кейбірі пәтеріне пеш салып алса, енді бірі электр тоғын пайдалануда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Atameken Business арнасына сілтеме жасап.
Облыс орталығы Өскеменде тұрса да Сәбетхан ақсақалдың күндегі тірлігі осы. Ала таңнан кеш батқанша пеш жағып, балаларын тоңдырып алмаудың қамын жасайды. Тек көпқабатты үйде тұратын аты ғана болмаса, тірліктің бәрі жер үйдегідей.
«Оншақты жыл болды келгенімізге. Пеш салып алғамыз. Көмір сатып аламыз. Осындағылардың бәрі сол көмір жағады. Көмірменен жылынып отыр үйіміз», - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Сәбетхан Сектібаев.
Бұл үйлер өткен ғасырдың 70-жылдары салынған. Тоқсаныншы жылдардың аяғына таман орталық жылу желісінен толық ажыратылған. Содан бергі ширек ғасыр уақытта тұрғындардың көрген күні осы. Көмір жағып, күл шығарады. Күл демекші, оны төгетін жер де жоқ. Үй іргесінде таудай болып үйіліп, шашылып жатыр.
Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының қызметкерлері бұл баспаналар жақын уақытта жылу жүйесіне қосылмайтынын ашық айтты. Онда тіпті жылуды жеткізетін жер асты құбырлары мүлдем жоқ. Оның үстіне қала бойынша жылу жетіспеушілігі мәселесі тағы бар.
«Біз жылу дефицитін жапқан күннің өзінде 2 шақырым труба тарту керек. Ол жерде 5 үйдің үшеуі апатты деп танылған. Сондықтан ол жерде бюджеттік қаржы жұмсау қарастырылмайды деп ойлаймын», - дейді Қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрбақыт Тұрсынбекова.
Яғни, бұл үйлердің тұрғындары жылу электр орталығының жылуын сезбейді деген сөз. Сондықтан орталықта отырса да көмір мен ағаш отынды пайдаланып, тіршілік қамын жасағаннан басқа амал жоқ.