Биылғы сайлаудың ерекшеліктері: сарапшы пікірі
Оның айтуынша мәслихат депуттарының жергілікті басқарудағы рөлі артады
Елімізде 19 наурыз күні Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттың кезектен тыс сайлауы өтеді. Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов алдағы сайлауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ол сөз басында биылғы сайлаудың бірнеше ерекшелігін атап өтті.
«Биылғы Мәжіліс және мәслихат сайлауының бірнеше ерекшелегі бар. Сайлау жүйесі өзгеріп отыр. Бір мандат арқылы сайлануға кез келген Қазақстан азаматы сәйкес талаптар бойынша сайлануға мүмкіндік алып отыр. Мәжіліс деңгейінде 30 пайыз болса, облыс деңгейінде 50-50, ал аудан, қала деңгейінде 100 пайыз мажоритарлық жүйемен сайлана алады. Мәжіліске өту межесі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетіліп отыр. Бұл бәсекелестік арқылы Мәжіліске өтуге мүмкіндік береді. Жаңа саяси партиялардың пайда болуына байланысты алдағы уақытта Мәжілісте парламенттік оппозиция құрамына жаңа саяси күштердің келуін болжауға болады», - деді ол.
Қазбек Майгелдиновтің айтуынша мәслихат депуттарының жергілікті басқарудағы рөлі артады.
«Мәслихат төрағасы деген жаңа лауазым пайда болады. Облыс, қала деңгейінде қарайтын болсақ, әкімге тікелей бағынбайды, жеке институт ретінде құзыреті артып отыр. Мәслихат депутаттары бюджетті бекітетін, қарастыратын, оны қадағалайтын органдардың біріне айналады. Бұл тұрғыдан алған кезде Президенттің орталықсыздандыру саясатындағы жергілікті өзін-өзі басқарудағы рөлі артады», - деді саясаттанушы.
Оның айтуынша, бір мандаттық округ бойынша депутаттардың сайлауы аймақтық сайлау комиссиялары арқылы жүзеге асырылады.
«Бекітілген аймақтық сайлау комиссиялары өтінімдер қабылдайды. Нәтижесінде аймақтағы сайлаушылардың басым дауысына ие болғандар Мәжіліске депутат болып сайланады. Мәслихатқа бір мандаттық округ бойынша аумақтық сайлау комиссиялары өз құзыретінде сайлауды бақылайды. Бұл сайлау комиссияларының мүшелерін мәслихат түрлі партиялардың ұсыныстары бойынша бекітеді. Оның барлығы ОСК-ның сайлау комиссиясы мүшесінің талаптарына сай болуы керек. Сондықтан алдағы сайлаудың нәтижесі елдегі қоғам тарапынан болған талаптарға жасалған жауап деп айтуға болады. Азаматтардың сайлау ғана емес, сайлану құқығы артып отыр. Сайлауға тек партиялық тізім емес, бір мандаттық округ арқылы белсенді азаматтардың сайлануға мүмкіндік алуы – елдегі саяси реформалардың жемісі деп білеміз», - деді қазбек Майгелдинов.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы жетінші шақырылымдағы Мәжілісті тарату және депутаттардың кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы шығарды. Мемлекет басшысы 2023 жылғы 19 наурызға Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын белгіледі.
Өз кезегінде ОСК мәлихат депутаттарын сайлау күні де 19 наурызға белгіленгенін хабарлады.