Борис Джонсон осымен төртінші рет Украинаға барды
Ол ел президенті Зеленскиймен кездесіп, Буча қаласына ат басын тіреді
Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Борис Джонсон осымен төртінші мәрте Украинаға сапарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Соғыс бастала сала, яғни2022 жылдың 24 ақпанынан бері үш рет Британия премьер-министрі лауазымында барған ол бұл жолы Украинаға алғашқы бейресми сапарын жасады, деп жазады BBC агенттігі.
Ол Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесіп, Киев маңындағы Буча және Бородянка қалаларына барды.
Кездесу кезінде екі тарап 2023 жылдың ақпанына жоспарланып отырған «бейбітшілік саммитіне» дайындық барысын талқылады. Дәл осы саммитте Киев өзінің «бейбітшілікке жеткізетін формуласын» жүзеге асырады деген үміт бар.
«НАТО ұйымына қосылғанымыз біз үшін ең жақсы кепілдік болар еді. Мемлекетіміз осы Альянстың мүшесі атануы тиіс деген идеяны белсенді түрде еске салып отыру маңызды», - деді В. Зеленский.
Айта кетейік, Борис Джонсон 2023 жылдың қыркүйегінде Британия премьер-министрі лауазымынан кетіп, қазір өзінің сайлау учаскесінен шыққан парламент депутаты қызметін ғана атқарып жүр.