Ол сайлаудан не күтуге болатынын айтты
Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов 19 наурызға белгіленген Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттың кезектен тыс сайлауы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Президент 19 наурыз күні кезектен тыс Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депуттарының сайлауы туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – Парламенттегі негізгі сайлау. Сайлау қазіргі таңда жүргізіліп жатқан реформалардың межелік нүктесі деп айтуға болады. Себебі бұған дейін, яғни 2019 жылдан бері жүргізіліп жатқан саяси реформалар сайлау туралы, саяси партиялар туралы заңдарға өзгерістерді қамтыды. Олардың барлығы қазір іс жүзінде асып жатыр», - деді ол.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесінің айтуынша, маусымда өткен конституциялық өзгерістер бойынша өткен референдум аясында бас заңға 30-дан астам өзгеріс енгізілді.
«Бұл баптардың негізгі өзгерістері Президенттің өкілеттігін шектеу болса, бір жағынан жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілеттігін кеңейтуға бағытталды. Президент 1 қыркүйектегі Жолдауында айтқан электоралды циклдің бірінші кезеңі өтті. Президент 7 жылдық бір мерзімге сайланды. Ендігі кезекте өзгеріске сай, Парламенттегі Мәжілістің құрамын өзгерту, жергілікті мәслихаттардың құрамын өзгерту осы сайлаудың нәтижесінде болады. Бұл шешім өте маңызды», - деді Қазбек Майгелдинов.
Саясаттанушы өз сөзінде Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата мүшесі Президент әуелі саяси тұрақтылықты, саяси жаңғыруды жасап, кейін экономиканы ілгерілетуге мүмкіндік туатынын қозғап өтті.
«Қазіргі экономикалық жағдайда бұл шешімнің қажеттілігі бар, себебі Мәжіліс сайланғаннан кейін Үкімет отставкаға кетеді. Үкіметтің құрамын осы Мәжіліске өткен жаңа партиялар мен жаңа саяси күштердің өкілдерінен тағайындауға мүмкіндік болады. Жалпы айтқанда, тек саяси жүйені қайта құрып қана қоймай, мемлекеттік аппаратты кадрлық тұрғыдан жаңартуға мүмкіндік береді. 8-шақырылымдағы Мәжіліс депутаттары саяси алуан түрлі күштерден құралады. Оларға деген талап күшейеді. Депутаттар заңды қабылдап, бекітуші құқыққа ие болып отыр. Конституциялық өзгерістер бойынша Сенат құзыретінен заңдарды бекіту Мәжіліске беріліп отыр. Мәжіліске жоғары аудит палатасы екі рет бюджет бойынша есеп береді. Мұның барлығы Үкімет жұмысын қадағалауға, оңтайландыруға Мәжіліс тарапынан жаңа серпін береді», - деді ол.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы жетінші шақырылымдағы Мәжілісті тарату және депутаттардың кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы шығарды. Мемлекет басшысы 2023 жылғы 19 наурызға Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын белгіледі.
Өз кезегінде ОСК мәлихат депутаттарын сайлау күні де 19 наурызға белгіленгенін хабарлады.