$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Сарапшы: Сайлау – жаңа саяси модель қалыптастыруға мүмкіндік береді

Енді Мәжіліс депутаттарының 70%-ы партиялық тізім бойынша, 30%-ы бір мандатты округтер бойынша сайланады

Сарапшы: Сайлау – жаңа саяси модель қалыптастыруға мүмкіндік береді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) бас сарапшысы Әлішер Тастенов алдағы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлаудың ерекшеліктері туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау саяси жүйені түбегейлі қайта іске қосып, мемлекеттік басқарудың жаңа нысанына алып келеді. Ол саяси және экономикалық саладағы барлық заманауи сын-қатерлерге төзімді, сапалы, жаңа саяси модель қалыптастыруға мүмкіндік береді. Іс жүзінде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына қол жеткізіледі», – деді Әлішер Тастенов.

Енді Мәжіліс депутаттарының 70%-ы партиялық тізім бойынша, 30%-ы бір мандатты округтер бойынша сайланады.

«Бұған дейін партиялардың Мәжіліске өтуінің шекті кедергісі 7%-дан 5%-ға дейін төмендетілген болатын. Саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Атап айтқанда, тіркеу шегі 4 есеге, 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін төмендетілді. Партиялардың өңірлердегі өкілдерінің ең аз саны 600-ден 200 адамға дейін қысқарды. Облыстар мен Республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат депутаттарын сайлау аралас сайлау жүйесі негізінде – 50-50 бойынша өтеді. Бұл ретте аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттары сайлауында қазақстандықтар бір мандатты округтер бойынша кандидаттарға ғана дауыс беретін болады», – деп атап өтті ҚСЗИ сарапшысы.

Жаңа жағдайлар азаматтық қоғамның тиімді дамуына ықпал етеді, дейді сарапшы.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Президент жетінші шақырылымдағы Мәжілісті тарату және депутаттардың кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы шығарды. Мемлекет басшысы 2023 жылғы 19 наурызға Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын белгіледі. Ал ОСК бүгін мәлихат депутаттарын сайлау күні де 19 наурызға белгіленгенін хабарлады.

Серіктес жаңалықтары