Ақтөбеде 55 жастағы науқасқа күрделі ота жасалды
Еліміздің білікті дәрігерлері Ақтөбе тұрғындарына тегін операция жасауда
Ақтөбе қаласында «Медициналық орталық күндері» өтіп жатыр. Екі күнге жалғасқан тур аясында ҚР Президентінің Іс Басқармасының медициналық орталығының білікті дәрігерлері тұрғындарына кеңес беріп, жоспарлы операциялар жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Шараның алғашқы күні нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев нейрохирургиялық бейіндегі аурулары бар 30 науқасқа консультациялық қабылдау жүргізді. Оның 7,2%-ы – ауылдық жердің тұрғындары.
«4-5 күн бұрын инсульт алған 55 жастағы пациентке бас миының ішіндегі омыртқа артериясының тарылуына байланысты стенд қою операциясы жасалды. Жалпы өткізілетін операциялардың саны 10-ға жуық. Оған қоса, шұғыл келіп түскен науқастарға да операция жасау мүмкіндігі бар», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, турдың ғылыми бөлімінде нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев «Церебральды аневризманы емдеу» тақырыбында баяндама оқиды. Дәрігер өз баяндамасында Алматы қаласындағы «Орталық клиникалық аурухана» АҚ-ның Нейрохирургия орталығының соңғы жеті жылдық тәжірибесіндегі ми қантамырлары аневризмасының жарылуының алдын алу, оны емдеуде енгізілген түрлі әдістері туралы айтады.
«Ақтөбе қаласындағы Медициналық Орталық күндері» шарасында ҚР ПІБ Медициналық Орталығы ауруханасы дәрігерлері медицинаның басқа да бағыттары бойынша тәжірибе алмасып, Президенттік клиниканың көптеген қызметтерімен таныстырады.