2027 жылға дейін шекаралас елдімекендерге отандық телеарналар қосылып, интернет тартылады
Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды
2027 жылға қарай әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін Өңірлік стандарттар жүйесіне сай дамыту жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Оған сәйкес, ауылдарда сапалы жолдар мен мәдениет, спорт және денсаулық сақтау объектілері, мектептер міндетті түрде болуы тиіс, сондай-ақ, ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 6 293 ауылдық елдімекен бар, онда 7,8 млн жуық адам тұрады.
Ал мемлекеттік шекарадан 50 шақырым орналасқан ауылдардың саны 1,3 мың, онда 1,7 млн адам тұрады.
«Шекаралас елдімекендерді дамыту жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде іске асырылуда. Министрлік тарапынан осы ауылдарды дамыту үшін тиісті жол картасы әзірленді. Бұдан бөлек, арнайы жұмыс топтары бар, олардың қатарында әкім орынбасарлары, мәжіліс депутаттары бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ауылдық аймақтарды дамыту үшін 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Онда ифрақұрылымдық дамытудан басқа, өзге де базалық қызметтер қарастырылған. Нақтырақ айтқанда, оның ішінде отандық телеарналармен қамтамасыз ету, интернетті күшейту және басқа да шаралар көзделген», - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Өткен жылдары «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары бойынша жалпы құны 326 млрд теңге болатын 3,6 мың жоба іске асырылған.
«Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында бөлінген қаражатты игеру және жобаларды пайдалануға беру қарқыны жақсы. Ал, кейбір өңірлерде бұл жұмыс ақсап тұр. Мәселен, Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстарында қаржыны игеру және жобаларды іске қосу деңгейі төмен. Аталған өңір әкімдері «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруға ерекше назар аударуы тиіс. Әсіресе, жобалардың уақытылы орындалуын қатаң бақылауға алу керек», - деді Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Биыл жалпы құны 143 млрд теңгеге 1,5 мың жоба жоспарланған. 2027 жылға қарай ауылдық елдімекендерде судың сапасы мен жолдардың жағдайы жақсарады, инженерлік желілер жөнделіп, әлеуметтік, әдениет және спорт объектілері салынады. 40 мыңға жуық жұмыс орны құрылады.
«Оны тиімді іске асыру үшін мына мәселелерге назар аударамын. Ұлттық экономика министрлігі облыс әкімдіктерімен бірге «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының инфрақұрылымдық жобаларын сапалы, уақытылы іске асыруды қамтамасыз етуі керек. Ұлттық экономика министрлігі Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027-ші жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу барысында болашағы бар ауылдарды айқындау әдістерін өзектендіріп, Өңірлік стандарттар жүйесін жетілдіру жөніндегі жаңа тәсілдерді ескерсін. Даму әлеуеті жоғары ауылдық елдімекендер тізбесін өзектендіруге байланысты Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері, облыс әкімдіктері республикалық бюджетті нақтылау кезінде «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыру мәселесін пысықтасын», - деп тапсырды Үкімет басшысы.