Қазақстанның туризм деңгейі: әлемдік рейтингте соңғы орындардың қатарында тұр
Еліміздегі туризм саласы айтарлықтай оң өзгеріс көрсетпеген
2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте елге келушілер саны 3,4 млн адамды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 есе көп. Алайда Қазақстанға келген адамдар санының айтарлықтай өсуі елдің туристік кластерінің жақсаруымен байланысты емес. Бұл туралы Azattyq Ruhy Energyprom.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Кіру туризмінің өсуін екі фактормен сипаттауға болады. Біріншіден, бұл коронавирус пандемиясына байланысты жағдайдың жақсаруына және карантин шектеулерінің барлық түрінің жойылуына байланысты. Екіншіден, мұндай айтарлықтай өсім Ресейдегі мобилизацияға және Украинадағы соғысқа байланысты көршілес елдегі көптеген адамның келуімен байланысты болып отыр.
Дегенмен, осыған қарамастан, шығу туризмі кіруден айтарлықтай басым.
Мәселен, 2022 жылдың тоғыз айында басқа елдерге 5,6 млн қазақстандық демалуға шыққан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе көп.
Ішкі туризмге келушілер саны да өсті, жылына 25,1%, яғни 4,9 млн адамға көбейген.
Energyprom.kz-тің хабарлауынша Қазақстандағы туризм бағытын мемлекеттің дамуының кенде қалған бағыты деп санауға болады. Көптеген шараға қарамастан, жағдай өзгермей отыр.
U.S. News құрастырған рейтингте туризм бойынша үздік елдер арасында Қазақстан 84-орынды иеленіп, әлемнің 85 елінің арасында соңғы орындардың біріне жайғасты. Бұл көрсеткіште ең нашар позицияны Иранмен бөліскен. Рейтингте Қазақстан Украина, Өзбекстан, Әзербайжан, Беларусь, Ресей сияқты елдерден ғана емес, Замбиядан, Ливаннан, Мьянмадан және өзге де мемлекеттерден артта қалды. Беделді басылым жасаған рейтинг сектордағы жағдайды айқын көрсетеді.
«ҚР туристік имиджін қалыптастыру дамудың стратегиялық бағыттарының бірі болып саналады, алайда қабылданып жатқан шаралар тиімсіз, ал кейбір қадамдар мүлдем даулы. Мысалы, Қазақстанда KITF-тің «Туризм және саяхат» атты Қазақстандық халықаралық көрмесі өтеді, ол көбінесе көшпелі туризмді дамытуға ықпал етеді. Көрмеге отандық туроператорлар мен басқа да компаниялар шарттар мен меморандумдар жасасатын түрлі елдердің өкілдері келеді», - делінген хабарламада.