Ақтауда жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген адам іздестіріліп жатыр
Белгісіз біреу полицияға «Бәйтерек» сауда ойын-сауық орталығына бомба қойылғаны туралы хабарлаған
Ақтауда сауда орталығына жарылғыш зат қойылды деп хабарлаған адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
16 қаңтар күні сағат 21:56-да Ақтау қаласы ІІБ 102 кезекші пультіне 27-шағын ауданда орналасқан «Бәйтерек» сауда ойын-сауық орталығында бомба қойылғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға орнына барлық төтенше жағдайлар қызметі жедел жетті. Азаматтардың қауіпсіздігі мен эвакуациясын қамтамасыз ету үшін ғимарат аумағы полиция қызметкерлерімен қоршауға алынды. Сауда орталығынан ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ.
Қазіргі уақытта электронды поштаның иесін анықтау және оқиғаның мән-жайын анықтау шаралары жүргізілуде.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша ҚР ҚК-не тіркелді.