«Кедергісіз келешек»: «AMANAT» партиясы мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесті
Мүмкіндігі шектеулі 708 мың адамның ішінен 421 мың адамның жұмыс істеуге қабілеті бар
«AMANAT» партиясының өкілдері «Кедергісіз келешек» жобасы аясында нақты қандай жұмыстар атқырылып жатқанын көру мақсатында елордадағы мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Олардың қатарында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Жанат Омарбекова, партия өкілдері, Астана қаласы әкімдігі Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілі, Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының қызметкерлері болды.
Кездесу барысында депутат жыл басында Мәжілістің қарауына енгізілген Әлеуметтік кодекс туралы айтып өтті. Онда мүмкіндігі шектеулі баласы немесе азаматы бар отбасыларға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін толығымен қайта құру көзделген.
«Оны орындаушы – Үкімет. Біз айтамыз. Одан кейін оның орындалуын қадағалайтын қоғамдық кеңеске тиісті заң қабылданды. Қоғамдық бақылау міндетті түрде керек. Бізде де партияның бақылау комитеті бар. Онда осы мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі әрдайым талқыланып отырады. Мұның бәрі не үшін жасалынып жатыр? Себебі мүмкіндігі шектеулі жандар үйден сыртқа шығып, қоғамның ортасына қосылуы тиіс», - деді ол.
Мәжіліс депутаты тілге тиек еткен Әлеуметтік кодексте мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік мәселелеріне қатысты бірқатар өзгерістер қарастырылған.
- Біріншіден, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін тарту. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Осылайша, отбасының жұмыспен қамтылмаған мүшелері еңбекке қабілетті жасында жұмыспен қамтамасыз етіледі және ықтимал әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру шараларымен қамтылатын болады.
- Екінші, арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттары даярлап, жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу қарастырылып отыр. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін – шектеулі бағалар түрінде жіктелетін болады. Бұл өзгерістер бір жағынан кейбір жекелеген қызмет немесе тауар түрлерін монетизациялауға алып келеді. Ал екінші жағынан жеке сектор тарапынан шағын сиымдылықты арнайы қызмет көрсету орталықтарының ашылуына мүмкіндік туғызатын болады. Бұл шаралар отандық тәжірибеге яғни білім беру саласында сәтті амалға асырылған «Балапан» бағдарламасының үлгісі бойынша енгізіліп отыр.
- Үшінші, әлеуметтік қызмет порталы бойынша жергілікті атқарушы органдар жанында құрылған комиссияларға жаңа құзыреттер беру, оларға:
- мүгедектегі бар азаматтардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы айтылған өтініштерін әлеуметтік қызмет порталы арқылы қабылдау және 5 күн ішінде қарау,
- өнім берушіге немесе қызмет көрсетушіге берілген тауар мен көрсетілген қызметтің сапасын жөндеу жөнінде мерзімі көрсетілген хат жолдау және оның орындалуын бақылау құзіреті беріледі,
- сондай-ақ өнім берушіні немесе қызмет көрсетушіні әлеуметтік қызмет порталынан алып тастау және оны міндеттемелерін адал атқармайтын өнім беруші тізіміне енгізу туралы шешім қабылдай алатын болады.
- Төртінші, әлеуметтік қызметкерге деген квадификациялық талаптар мен олардың мәртебесін көздейтін нормаларды енгізілді.
Осы орайда:
- әлеуметтік жұмыспен біліктілігі тәуелсіз бағалаудан өткен және сертификаты бар мамандар ғана айналыса алады.
- мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсеттетін мамандарды таңдау үшін әлеуметтік қызметкерлердің реестрі жасалады. Онда оның біліктілігі, көрсеткен қызметтерінің түрі және сапасы туралы толық мәлімет болады.
- сонымен бірге, әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақы төлеу жүйесі және қолдау шаралары қайта қаралады. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі біліктілік деңгейін, көрсетілетін қызметтердің санаты мен ерекшелігін ескеретін болады.
«Дос» мүгедектер қоғамдық-бірлестігі орталығы 2006 жылы Ерділдинова Дина Исламқызының бастамасымен ашылған. Бүгінде мұнда 20-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Олардың 80 пайызы арбаға таңылған мүгедектігі бар жандар.
«Ол кісінің өзі де 30 жылдай арбада отырғандықтан, біздің жағдайымыздан хабардар болғандықтан осындай орталық ашуды көздеген. Мұндағы жұмысшылардың кейбірі қала әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы арқылы келген. Алтын жалақымыз жылдан жылға артып келеді. Ондай қолдаудың бар екенін айта кеткен жөн», - дейді орталықтың атқарушы директоры Ардақ Отарбаев.
Әрине десе де мүмкіндігі шекетулі жандар осы санаттағы адамдардың мәселелері әлі баршылық екенін жасырмайды. Олардың басым бөлігі әлеуметтік төлемақылармен байланысты. Айтуларынша, жәрдемақы бар болғанымен, ол барлық жыртықты жамауға жеткіліксіз. Себебі мүмкіндігі шектеулі жандардың бәрі бірдей жұмыс істей алмайды. Сол себепті мүгедек жандар мемлекеттен берілетін жәрдемақы көлеменің әлі де артқанын қалайды.
Бүгінде Үкімет мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеу мақсатында, жылдан жылға әлеуметтік жұмыс орындарының санын арттырып келеді. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бұдан бөлек, Жоғары оқу орындарда да гранттар бөлу қолға алынған.
«Бұл да біз сияқты азаматтарға керемет мүмкіндік. Қазір мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмыс табу мәселесі сондай күрделі емес. Себебі Үкімет тарапынан көптеген квоталар беріліп жатыр. Жұмыс орындары ашылып жатыр. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы қаражаты да бөлінуде. Оның барлығы тиісті деңгейде қарастырылған. Сонымен қатар, жұмыс беруші мекеменің 4 пайыздық квотасы бар. Бұл жерде айта кетерлігі кей жұмыс берушілердің мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 4 пайыз жұмыс орны дұрыс берілмейді. Десе де мұның барлығы реттеліп келеді», - дейді Ардақ Отарбаев.
Дегенмен әлеуметтік жұмысқа орналасып, артынша бір айдан кейін түрлі себептерді сылтау етіп, жұмыстан шығып кететіндер де бар.
«Себебі ондай адамдар жұмыс істемей, үйде жатып үйреніп қалған. Олар әдетте Үкіметті, әкімдікті сынға алып, тек дайын асқа тік қасық болғылары келеді. Олардың санасында мемлекет ақша беру керек деген түсінік қалыптасқан. Бірақ олай болмайды. Берілген мүмкіндікті пайдалану керек», - дейдә Ардақ Отарбаев.
Елімізде әлеуметтік жұмыс орындары мәселесі оң шешімін тауып жатқанымен, мүмкіндігі шектеулі жандарды толғандыратын тағы бір мәселе бар.
«Медицина жағынан бізге, яғни үлкендерге реабилитациялық орталық қажет. Иә, орталықтар жоқ емес, бар. Бірақ оның барлығы балаларға арналған. Біз оған қарсы емеспіз, бірақ үлкендер жағын да ойлаған жөн деп санаймын. Олардың саны өте аз. Ондай орталық ашқан күннің өзінде, оның іші заманға сай техникалармен жабдықталса деген тілегіміз бар. Оның барлығы біздің денсаулығымызды жақсартуға үлкен көмек берер еді», - дейді орталықтың атқарушы директоры Ардақ Отарбаев.
Сонымен қатар, орталықтағылардың тағы бір арманы – арбаға тиелетін элетроприставкалар алу.
«Электроприставка жайында бұған дейінгі бір-екі отырыстарда айтқанбыз. Бізді депутаттар қолдады. Ендігі ретте біз хаттама дайындап, жазбаша түрде өткізуіміз керек. Бұл құрылғы көбіне қаланың біз сияқты белсенді азаматтарына керек. Өйткені екі арба алғанша, бір арба мен бір приставка алған жөн болар еді. Сол кезде біз діттеген жерімізге жылдам, әрі өзгенің көмегінсіз тез жететін боламыз. Сондай-ақ, оны жолда тасымалдауға да қолайды. Көліктің багажнигіне де, пойызға де еркін сыйып кетеді. Үкімет арбаның орнына сондай приставкаларды сыйласа жақсы болар еді.
Қазақстан қаншалықты дамыса, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да әл-ауқаты да соншалықты жақсарады деген сенімдемін. Қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдардың арасында белсенділігі жоғары азаматтар саны көбейіп келеді, әсіресе жастар арасында», - дейді Ардақ Отарбаев.
Құрбанәлі Сағымбайұлы «Дос – тәуелсіз өмір» орталығы мүгедектердің қоғамдық бірлестігінде арба жөндеуші болып жұмыс істейді. Айтуынша бір қаланың өзінде келіп түсетін тапсырыс саны аз емес.
«Жылына шамамен 200-ден аса арба жөндейміз, кейде 300-ге дейін жетеді. Мұның барлығын мемлекеттік тапсырыс аясында әкімдік жүзеге асырады. Бірақ біз тек Астана қаласы бойынша ғана тегін жөндейміз. Өкінішке қарай біздің мемлекеттік тапсырыс өзге қалаларға жүрмейді. Сондықтан да өзге қалалардан келген арбаларды ақылы түрде жөндейміз», - дейді ол.
Десе де бұл бағытта әлі де айтылар мәселелер жоқ емес. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толып, ірі қалаларда түрлі үйлер бой көтеріп жатқанымен, мүмкіндігі шектеулі жандарды қынжылтатын мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.
«Бізге жалға берілетін баспаналарда мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісті жағдайлар жасалмаған. Мен Үкіметтен жалға баспана алған таныстарымның үйіне барғанда дәл осындай жағдайды талай мәрте көрдім. Кей үйлерде лифтіге дейін баспалдақпен көтерілу керек болады. Оны күн сайын кім көтере береді? Қазіргі салынып жатқан үйлерде мұндай проблемалар мүлдем болмауы тиіс», -дейді Құрбанәлі.
Жанат Омарбекова өз сөзін қорытындылай келе, еңбекке құштар мүмкіндігі шектеулі жандарға партиялықтар әрдайым қол ұшын созуға дайын екенін атап өтті.
«Бүгінде заңды түрде мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс істеуге болмайды деген жоқ. Қазір мүмкіндігі шектеулі 708 мың адамның ішінен 421 мың адамның жұмыс істеуге қабілеті бар. Балалы-шағалы болып жатқандар да қаншама. Ал Үкімет жағын алып қарасақ, бұрынғыдай емес, тиісті жағдайлар жасалып жатыр. Кезінде тек медициналық қана қолдау көрсетілетін. Ендігі ретте әлеуметтік қолдау да қолға алынған. Ол үшін тиісті заңдар бар, жыл сайын қаражат бөлініп жатыр. Жұмыстарыңызға жеміс тілеймін!» - деді Жанат Омарбекова.
Айжан Жанатқызы