Merci, Nutella, екі банка кофе: елордада ұрлық жасауды кәсіп еткен жасөспірім ұсталды
Кәмелетке толмаған супермаркетке келуші ұрлық жасады
Айтматов көшесіндегі «Фудмаркет» дүкенінің әкімшілігі күндіз белгісіз біреудің ұрлық жасағаны туралы полицияға жүгінді. Бұл туралы Azattyq Ruhy қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Өтініш берушілердің айтуынша, дүкенге келуші сөреден 12 қорап «Merci» шоколадын, екі банка «Nutella» шоколад пастасын және екі банка «Сarte noire» кофесін ұрлаған.
Есіл ауданының жедел уәкілдері ұрлық жасады деген күдікпен 16 жастағы жасөспірімді анықтады. Сондай-ақ оның ІІО-да есепте тұрғаны анықталды. Заңды өкілі бұған дейін бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауапқа тартылған.
«Полицияға жеткізілген жасөспірім ата-анасына табысталды. Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Елорда аумағында бұрын жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Астана қаласының Полиция департаменті сауда қызметкерлеріне қырағы болуға, бағалы заттар мен жұмыс орындарын қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сонымен қатар, ата-аналарға бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілік туралы еске салады», - делінген ПД хабарламасында.