Наурыз айынан бастап инфляция төмендеуі мүмкін – Ұлттық банк
2022 жылдың желтоқсан айындағы жылдық инфляция 20,3%-ды құрады, алайда инфляцияның ең жоғары көрсеткіші келер айда болады деп күтілуде.

2023 жылғы 16 қаңтардан бастап базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Ұлттық банк Төрағасы Ғалымжан Пірматов журнлистерге арналған брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
2022 жылдың желтоқсан айындағы жылдық инфляция 20,3%-ды құрады. Алайда инфляцияның ең жоғары көрсеткіші келер айда болады деп күтілуде.
«Базалық мөлшерлемені төмендету үшін біз инфляцияны төмендетудің тұрақты көрсеткішіне қол жеткізуіміз керек. Сондай-ақ ақпан айында жылдық инфляцияның ең жоғарғы шегіне жетеді де деген ойдамыз. Ал наурыз айынан бастап біз жылдық инфляция төмендейді деген ойдамыз», - деді Ғалымжан Пірматов.
Азық-түлік тауарлары мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы ең жоғары өсімді көрсетті. Ақылы қызметтердің инфляциясы өзгеріссіз қалды, оған тұрғын үйді жалдау құнының төмендеуі және реттелетін бағалардың баяу өсуі әсер етті.
«Инфляцияның орнықты бөлігінің жоғары болып қалуы да алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл проинфляциялық ортаның сақталуын көрсетеді. 2022 жылдың соңындағы маусымдық факторды ескермегендегі базалық инфляцияның жылдық көрсеткіші 22,2%-ды құрады», - деді Ұлттық банк Төрағасы.
Ғалымжан Пірматовтың сөзіне сенсек, сыртқы инфляциялық орта әлсіреуде. Жыл басынан бері түрлі тауар нарығында құбылмалылық күшейді. Мұнай нарығында Brent маркалы мұнайдың белгіленген бағасы 1 баррель үшін 80 долларға жуық деңгейге дейін 7%-ға төмендеді.
«Қысқа мерзімде коронавирусқа шалдыққандардың көбеюіне алып келген Қытай шекарасының ашылуы мұнай бағасының құбылуына себеп болды. Алайда Қытайдың шектеулерді алуы ұзақ мерзімді перспективада әлемдік экономиканың өсуіне түрткі болуы мүмкін. Көптеген ірі елдердің өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділіктің төмендеуі, АҚШ пен Еуропадағы рецессия тәуекелдеріне байланысты алаңдаушылықтың өсуі де мұнай бағасының өзгеруіне ықпал етті. Эмбарго енгізілуіне орай Ресейден мұнай жеткізудің төмендеуі және ОПЕК елдерінде мұнай өндірудің қысқаруы жөніндегі келісімге байланысты мұнай бағасының құлдырауына жол берілмеді», - деді Пірматов.
Сондай-ақ, ол сыртқы инфляциялық ортаның жеңілдеуіне қарамастан, дамыған елдердің ірі орталық банктері қатаң монетарлық саясатты жүргізіп жатқанын атап өтті. Мәселен АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі мен Еуропа Орталық Банкінің соңғы шешімі мөлшерлемелерді 4,5%-ға және 2,5%-ға көтеру болды.
«Осындай жағдайлар мен қысымның әлсіреуіне байланысты әлемдік энергетика мен тауар нарықтарында ұзақ уақыт ішінде алғаш рет тұтынушылық инфляция баяулады. Қытайдағы инфляция желтоқсан айында 1,8%-ды құрады. Еуроодақта тұтынушылық инфляция энергия бағасының төмендеуінен 2022 жылғы қараша айында 11,1%-ға дейін баяулады. Ресейде инфляция 12,0%-ға дейін баяулады. Осы факторлардың барлығы Қазақстандағы инфляцияға төмендету ықпалын тигізеді», - деп сендірді Ұлттық банк Төрағасы.
Десе де инфляция өсу тәуекелдері сақталуда. Оған бірқатар факторлар себеп болуы мүмікн:
- сауда құрылымының өзгеруі,
- жеделдеген инфляциялық күтулер,
- жоғары азық-түлік инфляциясының сақталуы,
- әкімшілік реттеу кезеңінен кейін реттелетін тауарлар мен қызметтер инфляциясының артуы,
- Украинадағы соғысқа қатысты белгісіздік.
«Әлемдегі ықтимал рецессия кезінде сыртқы сұраныс біз болжағанға қарағанда төмен болуы мүмкін. Логистика шарттары да белгісіздік тудырып отыр. Мұның барлығы мұнай бағасының болашақтағы деңгейіне, экономиканың өсу траекториясына ықпал етуі мүмкін. Инфляция базалық сценарийге сәйкес қалыптасатынын ескеріп, тәуекелдер балансын назарға ала отырып, Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені көтеру циклінің аяқталуға жақындағаны туралы ұстанымын сақтайды. Биыл инфляциялық қысымның төмендеуін күтеміз. Бұған 2022 жылы базалық мөлшерлемені көтерудің оң әсері ықпал ететін болады», - деді Ғалымжан Пірматов.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2023 жылғы 24 ақпанда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 12:00-де жарияланады.
Айта кетейік, ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың Үкімет отырыстарының бірінде айтқан сөзінде 2022 жылы Қазақстанның экономикасы мен қаржы секторы бұрын-соңды болмаған күтпеген өзгерістерге ұшыраған. Ол өз сөзінде инфляцияны тұрақтандыру үшін Ұлттық Банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын іске асыруды жалғастырып отырғанын айта келе, соның арқасында келесі жылы биыл 20 %-ға жеткен инфляция келесі жылы 11-13%-ға дейін төмендейді деп болжаған.
Еске сала кетейік, өткен жылдың қараша айында жылдық инфляция 19,6%-ға жеткен болатын.