«Азаматтық алмасаңдар, кетіңдер»: Ильхам Әлиев Қарабақ армяндарына ескерту жасады
Армения мен Әзірбайжан арасындағы соғысқа екі жылдан астам уақыт өтсе де, бейбіт келісімге қол қойылмаған
Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Қарабақ армяндарын Әзірбайжан азаматтығын қабылдауды, олай болмаған жағдайда аумақты тастап кетуді ұсынды. Тіптен, Әлиев армяндарға бітімгершілік әскерлерінің жүк көліктерімен-ақ кете беріңдер деді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.
Өздерін «эко-белсенділер» деп атайтын адамдар тобы бір айдан бері Таулы Қарабақтың басты қаласы Ханкендиден (Степанакерт) Арменияға Лачинский дәлізі арқылы өтетін жолды жауып тастаған. Әзірбайжан жағынан құрылған белсенді топтың арасында мемлекеттік қызметкерлер де бар. Қазір бұл аумақта азық-түлік пен дәрі-дәрмектің тапшылығы пайда болды. Сонымен бірге Қарабақта табиғи газды жеткізу де қиындап кеткен.
«Мен Әзірбайжан туының астында (Таулы Қарабақта) тұрғысы келетіндерге жағдай жасалатынын тағы да айтқым келеді. Әзірбайжан азаматтары сияқты олардың құқықтары мен қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі», - деді Ильхам Әлиев.
Әлиев Қарабақта сепаратистік қозғалыс болмаса, тау анклавының армяндары қазіргі кездегіден әлдеқайда жақсы жағдайда өмір сүрер еді деді. Ол Қарабақ армяндары үшін таңдау тұрғанын ашық айтты.
«Кімде-кім біздің елдің азамат болғысы келмесе, оларға жол ашық. Олар қалаған жағына кете алады. Ешкім оларға кедергі жасамайды, бітімгершілік (ресейлік) жүк көліктерімен де, автобуспен де (Арменияға) жол ашық», - деді ол.
Соғыстан соң Әзірбайжан, Армения және Ресей басшылары қол қойған үшжақты келісім бойынша Қарабақта Ресейдің бітімгершілік контингенті орналасқан. Ресейдің екі мың әскері Қарабақтағы армян халқы мен Әзірбайжан әскерлері арасында тұр. Ресейлік бітімгерлер 2025 жылға дейін екі мемлекеттік арасындағы қауіпсіздікті қадағалайды. Өңірде тамақ тапшы, дүкен сөрелері бос. Тіптен тамақ сатып алуға талондар таратылатын болған. Жөндеу жұмыстары деген желеумен электр жарығы да жиі өшетін болған. Армения жағы Әлиевтің мәлімдемелері назардан тыс қалдырмады. Азық-түлік тапшылығына байланысты азық-түлік талондары енгізіліп жатыр.
«Дүкендер бүкіл қалада бос, жемістер мен көкөністерді табу мүмкін емес, қарапайым дәрі-дәрмек те таппайсың. Ауруханада науқас баланы емдеу үшін ересектерге арналған таблеткаларды бірнеше бөліктерге бөлуге тура келеді, жас аналардың жағдайы да қиын. Ауруханада балаларға арналған дәрі-дәрмектер таусылды», -деді жергілікті тұрғынның бірі Марут Ванян.
Ал Армения премьер-министрі Никол Пашинян кешегі баспасөз мәслихатында тағы да Қарабақтың мәртебесі мәселесіне тоқталып, Әзірбайжан Қарабаққа ешқандай да автономия бергісі келмейтініне наразылық білдірді.
«Біздің түсінігімізде, Әзірбайжандар Таулы Қарабақта тұратын армяндардың сол жерден кетуін қалайды, ал олар Қарабақты армяндарсыз алады», - деді ол.
Армения мен Әзірбайжан арасындағы соғысқа екі жылдан астам уақыт өтсе де бейбіт келісімге қол қойылмаған. Қарабақ соғысы 2020 жылдың күзінде басталып, 44 күнге созылды. Армяндар жеңіліп, Армения күштерінің бақылауындағы Таулы Қарабақ автономиялық облысының кейбір ауданын, соның ішінде екі халық өздері үшін тарихи маңызды деп санайтын Шуша қаласынан айырылды. Армения премьер-министрі Пашинянның айтуынша, бейбітшілік келісіміне қол қойылмауының басты себебі – тараптар бір-біріне сенбейді. Бейбітшілік келісіміне 2022 жылдың соңына дейін қол қойылып, шекараны белгілеу процесі басталуы тиіс болған.
«Егер олар қызығушылық танытпаса, бізге де қажет емес. Бұл – шекара біз ойлаған жерден өтуі керек дегенді білдіреді», - деді Әлиев.