Қызылорда облысында 8 мектептің директоры мен есепшілері ірі мөлшерде мемлекет қаржысын жымқырған
Жауапты тұлғалар мектепте мүлдем жұмыс істемейтін адамдарға еңбекақы аударып, құжат бойынша бұрмалап келген
Қызылорда облысында 8 мектептің директоры мен есепшілері ірі мөлшерде мемлекет қаржысын жымқырғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Заңбұзушылық деректердің алтауы Жаңақорған ауданында тіркеліп отыр. Жауапты тұлғалар мектепте мүлдем жұмыс істемейтін адамдарға еңбекақы аударып, құжат бойынша бұрмалап келген. Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы №112 мектептің күзетшісіне 1 айда 6 миллион теңге үстемақы төленгені әшкере болды. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүріп жатыр. Жең ұшынан жалғасқан жасырын жайттардың беті ашылуынан кейін өңірдегі барлық білім ошақтарына жіті тексеру жүргізілмек.
«Тек бір ғана №51 орта мектеп бойынша ұрланған қаражат көлемі 117 миллион теңгені құрайды. Аталған құқық бұзушылықтар жауапты тұлғалармен еңбекақы қоры қаражаттарын төлеу барысында тиісті ақпаратты жүйелердің кемшіліктерін пайдалана отырып жасаған деген негіздер бар», - деді облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашықов.