$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бір ғұмырда алатын білімді 16-ақ жасқа дейін меңгердің»: Серікзат Дүйсенғазының ұлын ұстазы еске алды

Ұстаздың шәкіртке деген жүрек тебірентер жазбасын ақын желідегі парақшасында жариялады

«Бір ғұмырда алатын білімді 16-ақ жасқа дейін меңгердің»: Серікзат Дүйсенғазының ұлын ұстазы еске алды
Фото ашық дереккөзден

Биыл 2 қаңтарда белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазының жалғыз ұлы Мақсұт Әлихан Серікзатұлы небары 16 жасында қайтыс болды. Талапты, білімді жеткіншектің өлімін тек ақынның отбасы ғана емес, күллі қазақ жұрты күйзеліспен қабылдады.

Шәкірттерінің қазасы ұстаздарының да жанына батты. ҚР білім беру ісінің «Құрметті қызметкері», шебер-ұстаз Қайсенова Валя оқушысын еске алып, оған деген қимастығын жеткізді. Ұстаздың шәкіртке деген жүрек тебірентер жазбасын Серікзат Дүйсенғазы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Әлихан жарығым, сен жайында осылайша ой толғаймын ​деп ешқашан ойламаппын да! Бізді осыдан тура 3,5 жыл бұрын «Зерде» мектебі табыстырған еді. Сыныптарыңда өзің сияқты 28 оқушының 18–і ер бала,10-ы​ қыз бала еді. Өздерің кіп-кішкентай болсаңдар да ойларың асқақ еді, бірден көздеріңнен ұшқынды​ көріп, «әй, осы жеткіншектерді жетелей алам ба, көздеріндегі ұшқынды жандыра алам ба, ата-ана сенімінен шыға алам ба?!»,-деген ой бірден келді. Барлық бала ата-ананың үміт артқан ұрпағы ғой, ал еліміздің болашағы ше- ол осы менің алдымда отырған​ жас жеткіншектерге байланысты емес пе?!

Одан бері қарап отырсам зымырап 3,5 жыл да өтіпті. Әлихан, есіңде ме, алғаш рет өз жұмысымды сендерді​ зерттеуден бастағаным?! Оқу, жазу, сөйлеу, ойлау дағыларыңды зерттегенім, барлық оқушылардың жазуына көңілім толып, мақтағаным. Физиканың бір заңын, не құбылысын зерттеп, оны ғылыми түрде дәлелдеп, табиғат құбылыстарымен байланысын көрсеткенде, Әлихан сен бірден көзге түсуші едің, сонда байқағаным, сөз саптауыңның ерекше екендігі бірден аңғарылатын. Жауабың нақты, нық, өз-өзіңе сенімді, ойың дәлелді болатын. Басқа жолдастарыңның жауабын тыңдап, оны толықтырып отыруың, пәнге деген ерекше қызығушылығыңды байқататын.

Біз, мұғалімдер 7-сыныпта олимпиадалық даярлыққа ерекше дарынды, ойы ұшқыр, өз қабілетін өз бетінше дамыта алатын шәкірттерді іздейміз. Сондай критерийлерге сен әбден лайық болдың, Әлихан. Біздің міндетіміз​ ұстаз ретінде білмегендерін үйретіп, үнемі қолдау көрсетіп,​ қабілеттеріңді дамыту және сендерге жағдай жасап отыру. Барлық пәндер саған қызықты болатын. Тақырыпты талдау барысында ​ жаратылыстану пәндерін бір-бірімен оңай ұштастырып кете беруші едің. Сабақ тыңдағанда қанатын қомдаған құстай екі иығыңды кезек-кезек көтеріп қоюшы едің.

Білімге құштарлығыңды айтып жеткізуге теңеу де таба алмадым, Әлихан! 9 - сыныпта сен физиканың 10 және 11- сыныбының, жоғары оқу орнының 1-2 курс материалдарын, математикадан 10 мен 11- сынып материалдарын толық меңгеріп, физиканың әр деңгейлік білім олипиадасында қолданып отырдың. Химия мен биологияға да​ қызығушылығың өте жоғары еді.

Ұлы Исаак Ньютон да екі жылдың ішінде​ ғана Евклидтік геометрияны мен тригонометрияны меңгерсе, сен де 15 жасыңда жоғарғы математика мен физиканы меңгеріп қана қоймай, білгеніңді олимпиадалық есептерді шешуде қолдана алдың. Нәтижесінде физикадан 7 мен 8 - сыныптардың аудандық және «Юниор» олимпиадасында, 9 - сыныпта ​ «қалалық» олимпиаданың 1- орындарын иелендің. 9 - сыныпта Республикалық олимпиадада «қола» медаль, 10 - сыныпта халықаралық «Қазақ білім олимпиадасында» ​ күміс медаль иелендің. Жарығым- ау, адамның бір ғұмырында алатын білімді 16-ақ жасқа дейін алып үлгердің ғой! Не деген асығыстық?! Халықаралық «Жәутіков» олимпиадасының даярлығынан өтіп, оны да аяқтап кеттің. Әттеген-ай, биыл қаңтарда өтетін қалалық, ақпанда өтетін «Жәутіков» және биылғы Республикалық олимпиадаларға да даяр едің ғой!

Физика сабағында өзіңді сол сабақтың короліндей сезініп, «Физика» әлеміне кіріп, содан бір асқан шабыт алатынсың. Біздің «Зерде» мектебінің физика олимпиадалық тобында 9;10;11- сыныптар даярлығы түстен кейін бірге өтеді. Бір жолы сол даярлықта 9-сынып оқушылары «қара жәшік» деген атпен келетін, электр бөлімінің есебінен біраз қиналатындықтарын айтқан еді. Сонда сен бірден суырылып, «мен түсіндіріп берейін»,-деп бірнеше есептерді мысал ретінде келтіріп, оқушылардың санасына құя салып едің. Ұлы дидакт К.Д.Ушинский «Баланы оқуға үйрет, содан кейін оны істеуді өзіне тапсыр»,- деген еді. Сонда саған мен өте ризашылықпен, мақтанышпен қарап, көзіме теңізде өз қайығыңды ескекпен құлаштай есіп, су бетінде зымыраған қайықшыдай елестетіп, «Міне, керемет, міне, керемет!» деп іштей мақтанғаным рас еді. Бұл сенің командалық жолдастарыңа деген қамқорлығың еді.

Иә, Әлихан, мен қалың ойға беріліп, сен жайлы ой толғап отырмын. Сенің ауыр қазаң достарыңды ерте есейтіп, менің жүрегіме ауыр із қалдырды... Неге, неге, неге осылай болды​ деген сұраққа жауап жоқ?! Сенесің бе? Жауап жоқ. Әлихан, құлыным, жауап жоқ...

Топырағың торқа, жатқан жерің мамық, жаның жәннәтта пейіштің төрінде шалқысын жарығым! Ата-анаңа Алла сабыр берсін!» - делінген ұстазының жазбасында.

Серіктес жаңалықтары