Құтқарушылар боранды күні жолға шыққандар жауапкершілікке тартылатынын ескертті
Ескертуді елемеген жүргізушілер 100 мың теңге айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке қамалуы мүмкін
Құтқарушылар күн райының бұзылуы туралы ескертуге қарамастан жолға шыққан азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауа-райының қолайсыздығына байланысты жолдардың жабық учаскелеріне рұқсатсыз кеткен жағдайда ӘҚБтК-нің 667-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілік, 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылады. Яғни 103.500 теңге айыппұл немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу көзделген.
«Ауа-райының нашарлауына байланысты автокөлікпен қала сыртындағы сапарларды алдын ала жоспарлауды сұраймыз. Құтқару қызметінің хабарламаларына назар аударыңыз, ауа-райы нашарлаған кезде елді мекендерден тыс жерлерге барудан аулақ болыңыз. Қозғалыс жабылған кезде полиция қызметкерлерінің талаптарын қатаң сақтау керек», - делінген хабарламада.