«Ұсталған күні түнде ұшуым керек еді»: Қайрат Боранбаев журналистерге сұхбат берді
Ол 2022 жылдың наурызында Алматы әуежайында қолға түскен
Астана қаласы Сарыарқа ауданының № 2 сотында бизнесмен Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бүгін сот отырыстары арасындағы үзілісте Қайрат Боранбаев журналистердің сұрағына жауап берді. Дәлірек айтсақ, ол елден қашқалы жатқанда ұсталғаны рас па деген мәселеге қатысты пікір білдірді.
«Бұл өтірік ақпарат, мен ұсталған сәтте кездесуде отырғанмын. Ол сағат бес еді. Иә, шетелге ұшқалы жатқанмын, бірақ рейс түнгі сағат екіде болатын. Мен неге Отанымнан қашуым керек? Осы елде тудым, осы елде өстім. Әкемнің топырағы осында, бизнесім бар. Бұл шетелдік кездесуге негізі бір ай бұрын дайындалғанмын, рейстің құжаттарын да түнгі екіде алдым», - деді Боранбаев.
Бизнесмен Қайрат Боранбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оны Дубайға қашқалы жатқан жерінен ұстады деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, бизнесмен Қайрат Боранбаев 2022 жылдың наурызында Алматы әуежайында қолға түскен болатын.