Қазақстанда апатты деп танылған 752 көппәтерлі үй бар
Қазақстанда баспанаға мұқтаж 626 700 адам мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу үшін кезекте тұр
Қазақстанда апаттық деп танылған 752 көппәтерлі тұрғын үй бар. Өмір сүруге қауіпті баспаналардың көбі Астана қаласы мен Атырау облысында орналасқан. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Жамбыл облысы мен Алматы қаласында мұндай үй жоқ көрінеді. Қабырғалары қаусап, төбесінен су сорғалаған, есік-терезесінен жел кеулеген баспаналарда тұрып жатқандардың жайын Azattyq Ruhy тілшісі білген еді.
Еліміздің солтүстігіндегі Петропавл қаласы көне шаһарлардың қатарынан саналады. Тарихи деректер оның алғашқы қазығы 1752 жылы қағылғанын айтады. Келмеске кеткен кері заманның белгісіндей қабырғалары қақырайған ғимараттар шаһарда әлі де көп. Кейбірінде тіпті адамдар тұрып жатыр. Қала тұрғыны Наталья Емельянованың үйін арнайы комиссия апатты деп танығалы да біршама уақыт өтті. Басқа барар жері, басар тауы болмағандықтан үрейленсе де сонда бертінге дейін тұрып келген.
«1953 жылы салынған «Береке» шағынауданындағы екі қабатты үйдің қабырғасы осы жазда опырылып құлады. Бұл үйде екі подъезде барлығы сегіз пәтер бар. Әкімдік қызметкерлері тұрғындарды сол күні уақытша баспаналарға көшіреміз деп уәде берген. Бірақ тұрғындар тағы екі апта осында тұрды. Облыс басшылығына шағымданғаннан кейін ғана жергілікті атқамінерлер қимылдай бастады. Бізді бір бөлмелі уақытша пәтерге көшірді. Келісімшарт бойынша айына 3,8 мың теңге төлеймін, бұған коммуналдық төлемдер қосылады. Кезегіміз келіп, баспана берілгенше осында тұра тұрамыз», – дейді қала тұрғыны.
Іргетасы сөгіліп, қабырғаларында жарықшақ пайда болған, жаңбыр жауса төбесінен су ағатын бұл үйден тұрғындар көшірілген күннен кейін тағы бір қабырғасы құлаған. Абырой болғанда іште ешкім болмаған, әйтпесе астында қалуы да мүмкін еді.
АПАТТЫ ҮЙ ИЕЛЕРІНЕ БАСПАНА БЕРІЛЕ МЕ?
Үйлері апатты деп танылған тұрғындар жергілікті атқарушы органда баспана кезегіне тұра алатыны белгілі. Оларға «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 67-бабы 1-тармағына сәйкес, баспана берілуі тиіс деп көрсетілген. Алайда заң талаптары әркез орындала бермейді. Мәселен, Петропавл қалалық әкімдігі өткізген қоғамдық қабылдауда тұрғындар осы мәселеге қатысты шағымдарын айтты.
«Үйлері апатты деп танылған тұрғындардың арнайы кезегі бар. Оны ешкім жоққа шығармайды. Алайда біз апатты үйлердің орнына жаңасын беріп жатқан жоқпыз. Заң бойынша да бере алмаймыз. 2017 жылға дейін бұл бағдарлама жұмыс істеді. Ал сол жылдан бастап «Нұрлы жер» бағарламасы қабылданды да, арендалық үйлерді салу тоқтады. Қазір арендалық-коммуналдық үйлер тек әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға ғана беріледі, үйлері апатты деп танылғандар оған жатпайды. «Отбасы банк» те бере алмайды. Себебі тұрғындар баспанасы жоқтардың тізімінде тұруы тиіс. Ал олардың аттарында апатты болса да жылжымайтын мүлік тіркелген. Яғни бұл бағдарламаға да келмейді», - дейді қала әкімнің орынбасары Асқар Хабибулин.
600 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ БАСПАНА КЕЗЕГІНДЕ ТҰР
Жалпы «Kezekte.kz» ақпараттық платформасының мәліметі бойынша, Қазақстанда баспанаға мұқтаж 626 700 адам мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу үшін кезекте тұр екен. Бұл тізімдегілердің қаншасының үйі апатты екені көрсетілмеген. Сондықтан кімнің кезегі қашан келетінін де дөп басып ешкім айта алмайды.
Петропавлда арнайы комиссияның шешімімен апатты деп танылған 27 үй бар. Оларлың басым көпшілігі өткен ғасырдың ортасында бой көтерген. Кейбіреулерінде орталықтандырылған жылыту жүйесі мен су атымен жоқ. Қауіпсіздік талаптарына сай келмесе де, пәтерде пеш салып, от жағып отырғандар бар. Қаланың әр түкпірінде орналасқан нысандар соғыстан кейінгі ғимараттарды еріксіз еске салады. Бұл үйлерде тұрып жатқан мыңнан астам тұрғынның өмірі үрей мен үміт арасында өтіп жатыр. Астана, республикалық маңызы бар қалалар және облыстар әкімдіктерінің ақпараты бойынша, Қазақстанда барлығы 752 үй апатты деп танылыпты.
Azattyq Ruhy ақпарат агенттігі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне апатты үйлердің тізімі бойынша сауал жолдаған болатын.
«Апатты деп танылған үйлерді аймақтар бойынша саралайтын болсақ, Ақмола облысында – 11, Ақтөбе облысында – 36, Алматы облысында – 3, Атырау облысында – 119, Шығыс Қазақстан облысында – 42, Жамбыл облысында – 0, Батыс Қазақстан облысында – 61, Қарағанды облысында – 30, Қостанай облысында – 53, Қызылорда облысында – 38, Маңғыстау облысынды – 0, Павлодар облысында – 1, Солтүстік Қазақстан облысында – 27, Түркістан облысында – 10, Алматы қаласында – 0, Астана қаласында – 208, Шымкент қаласында – 48, Жетісу облысында – 41, Абай облысында – 25, Ұлытау облысында – 47 баспана бар», – делінген вице-министр Еркебұлан Дауылбаев жолдаған жауапта.