«Кублей» зауытына қатысты жарыссөз: заңгерлер Орал қаласы әкімдігінің әрекетін заңсыз деп санайды
«Кублей» ЖШС Орал қаласының әкімдігі мен қалалық жер қатынастары басқармасын 2020 жылдың мамыр айында сотқа берген

23 қараша күні Орал қаласының №2 қалалық соты «Кублей» дауына қатысты нүктені қоя алмай, тараптардың ымыраға келуін сұрап, істі белгісіз мерзімге тоқтатқан еді. Екі жақ мәселені медиация жолымен шешпейтінін айтқан соң бүгін қайта екінші рет сөзжарыс өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Сөзжарыстың басында «Кублей» зауытының заңды өкілдері ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жіберген жаңа жауабын іс материалдарына қосуды сұрады. «Ирменова» жеке кәсіпкерлігінің заңгерлері мен Орал қаласы әкімдігінің өкілдері керісінше судьяға жаңа мәліметтерді іске қосудың қажеті жоқ екенін айтып, қарсы шықты. Бірақ Үкіметке сауалхатты жолдаған БҚО экономикалық соты болғандықтан судья ведомстволардың жолдаған жауабын іс материалдарына қосты.
«БҚО мамандандырылған экономикалық соты Үкіметке сауалхат жолдады. Үкімет тиісті екі профильді министрлікке хатты түсірген. Ол ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті. Бұл ведомстволардың жауаптары қолымызда.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты комитет өндірістік аймақта тұрғын үй салуға тыйым салынған деп нақты көрсетті. Министрліктің сотқа жолдаған қорытындысында әкімдік бас жоспарды қатаң түрде бұза отырып, ондағы талаптарды елемегенін келтірген. Жергілікті билік «Циалковский» тұрғын үйін бас жоспарға қарамай өзінің қаулысымен бекіткен деп заңбұзушылықтарды көрсетіп отыр. Бұл заңбұзушылық әкімдіктің тікелей кінәсі және қолдан жасалған деп министрлік хатында көрсетті. Яғни ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі заңсыздықты толығымен әшкерелеп отыр», - деді заңгер Бақытжан Базарбек.
Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сотқа жіберген жаңа жауабында «Кублей» зауытының санитарлық қорғау аймағы бар, ол аумақ кемінде 100 метр болуы тиіс және онда тұрғын үйлерді салуға тыйым салынған деген жауап жолдаған.
«Кублей» зауытының өкілдері жергілікті билік құжаттарды заңсыз рәсімдеуден бөлек бюджеттің қаражатын талан-таражға түсіргенін, өйткені заңсыз соғылған үйлерге коммуналдық-инженерлік жүйелерді тартып әрі қосуға рұқсат бергенін, осылайша пайдалануға берілмеген үйлерге қоныстануға мүмкіндікті әдейі беріп отырғанын жеткізді.
«Бұған қатысты бөлек қылмыстық іс қозғауға болады. Заңсыз соғылған үйге мемлекет есебінен коммуналдық қызмет түрлерін қосып беру – бюджеттің ақшасын шашу ғой. Себебі 2020 жылдың 28 желтоқсаны күні БҚО сотының шешімі шыққан. Онда Орал қаласының 3 қаулысы да заңсыз шығарылғаны айтылған. Демек сол қаулы шыққан сәттен бастап, коммуналдық жүйелерді орнататын мекемелер жұмысын сол сәтте тоқтатуы керек. Соттың шешімін орындамаса заңның үстемдігінің мәні неде?
Электр энергия, ыстық және суық су, кәріз жүйесі заңсыз тартылған әрі қосылған. Өкінішке қарай бұған жергілікті прокуратура да ләм-мим дей алмаған. Коммуналдық қызмет түрлері берілгендіктен, соны пайдаланған құрылыс компаниясы әрі қарай пәтерлерді сата бастаған.
Біз 11 рет өткен сот барысында Орал қаласындағы лауазымды тұлғалардан құралған топтың әрекетін әшкереледік. Соның ішінде жалған құжаттарды әзірлеу, қызмет бабын асыра пайдалану, мемлекеттің бюджетін талан-таражға салу бар. Дәл осы баптарды негізге ала отырып, оларды түгел тергеуге болады», - деді кәсіпорын өкілдері.
Сотта «Циалковский» тұрғын үй кешенінің тек бір ғана үйіне қатысты даудың өрбіп жатқаны, өйткені бас-аяғы 4 үйдің тек біреуіне адамдар заңсыз қоныстанып алғаны, ал тағы бір үй санитарлық қорғау аймағына кірмейді, қалған екі үй болса жарым-жартылай ғана салынғаны қозғалып өтті.
«Ендігі шығатын соттың шешімі «Кублей» зауытының барлық талап-арызын толығымен қанағаттандыру керек. Сосын құрылыс компаниясының иесі 2,3 және 4-үйлерден пәтер сатып алған азаматтардың ақшасын қайтарып беруі тиіс немесе басқа жерден пәтер беруі қажет.
Негізі бұл соттаспай-ақ шешілетін дүние. Өйткені, Ерменованың қарамағындағы жер телімі бөліп, рәсімдеуге болатын жер. Сондықтан, сотқа келіп шу шығарып жүрген 1-үйдің тұрғындарына бұл мәселенің қатысы жоқ. Өйткені, олар 100 метрлік аумаққа кірмейді. Тек 2-үйге қатысты. Ал 3 және 4-үйдің құрылысы мүлдем бітпеген. Ал сот процесіне келіп жүргендердің басым бөлігі – осы 1-үйдің тұрғындары. Негізі Ерменова жерді бөліп, әлдеқашан ол азаматтарға үйіне заңды түрде құжат беруге мүмкіндігі бар еді. Мұны тұрғындардың өзі де, компания да талап етпейтін болып тұр. Ерменова осы тұрғындарды пайдалану арқылы заңсыз салынған өзге де үйлерді заңдастырғысы келеді. «Кублей» зауытының жағдайы барлық әділетсіздіктің детонары болуы мүмкін», - деді заңгер Бақытжан Базарбек.
Ал сотта «Ирменова» жеке кәсіпкерлігінің заңгерлері зауыттың ішінде орналасқан әкімшілік орын мен цехтың тұрған жерін алмастырсын деген кеңес айтты. Сондай-ақ, олар «Кублей»-дің өнімдері нарықтың 65 пайызын қамтиды дегенге күмән келтіретініндерін жеткізді.
Дегенмен осыған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі де зауыттың жабылуы нарыққа соққы беретінін мәлімдеген болатын. Министрлік «Кублей» зауытына төнген қауіп елдегі ауыл шаруашылығы саласына тікелей кері әсерін тигізеді, зауыттың проблемасы шешілмесе Қазақстанда қайта өңдеу саласы құлдырап, ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігі төмендейтінін хабарлаған.
«Кублей» ЖШС – 30 жылдық тарихы бар ет, балық және көкөніс консервілерін өндіретін ірі отандық кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорынның ет және ет-өсімдік консервілерін өндірудегі үлесі 65%-ды құрайды.
Осылайша, бұл кәсіпорын ішкі нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сонымен қатар тек Қазақстанды ғана емес, оны Өзбекстанға, Қырғызстанға, Тәжікстанға және т.б. экспорттайды. Бүгінгі таңда консервілеу зауыты 100-ден астам консервілеу өнімдерін шығарады: ет, ет және көкөніс, балық, деликатес, жеміс-көкөніс консервілері, тауық консервілері, дайын түскі ас және сүт консервілері. Оның қуаты – бір ауысымда 200 мың банка консерві. Батыс Қазақстан облысының 3 мыңға жуық шаруа қожалығы кәсіпорынға ет жеткізеді», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай.
Еске салайық, «Кублей» ЖШС өкілдері өндіріс аумағына жақын жерден заңсыз құрылыс нысандарын салуға рұқсат берген Орал қаласының әкімдігі мен қалалық жер қатынастары басқармасын 2020 жылдың мамыр айында сотқа берген. Нәтижесінде 2020 жылдың 28 желтоқсанында сол кезде Орал қаласының әкімі болған Абат Шыныбековтің шығарған қаулысын негізсіз деп таниды. Десе де, соттың шешіміне қарамастан бірнеше аптадан кейін БҚО әкімдігіне қарасты мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылау мекемесі «Ирменова» жеке кәсіпкерлігіне құрылыс жұмысын монтаждауға рұқсат береді. Осы жайттан кейін «Кублей» зауытының өкілдері 6 ай бойы арыз-шағым түсірумен айналысады. Ал бұл уақыт аралығында құрылыс компаниясы көпқабатты үйді соғып тастайды.