Сапар барысы туралы алдын ала хабарланған жоқ
Бахмут қорғаушылары тамыздан бастап Ресей әскерлерінің шабуылдарына тойтарыс беріп келеді
Сейсенбіде Украина президенті Владимир Зеленский Бахмут майданындағы украин әскеріне барып, оларға «батылдық, төзімділік пен күш-жігер көрсете білгені» үшін алғыс айтты. Сапар туралы алдын ала хабарланған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Голос Америки» басылымына сілтеме жасап.
«Бахмут бекінісі. Өз адамдарымыз. Жауға бағынбаған. Олар өз батылдығымен біздің берілмейтінімізді дәлелдеді», - деп жазды Зеленский Telegram арнасында.
Бірнеше айдан бері Ресей әскерлері Бахмут аймағында украин қорғанысын бұзуға тырысып жатыр. Ресей Федерациясының тұрақты армиясының бөлімшелерімен бірге Бахмутқа «Вагнер» деп аталатын ресми емес жеке әскери жалдамалы компаниясы шабуыл жасайды. Донбаста орналасқан Бахмутты басып алу Украинаның жеткізу желілерін бөліп, Ресей күштеріне бүкіл Донбасты басқаруға мүмкіндік береді.
Украина президентінің айтуынша, Бахмут майданның ең ыстық нүктесі болып қала береді. Бахмут Киевтен шығысқа қарай 600 км жерде орналасқан. Мамыр айының екінші жартысынан бастап ресейлік әскерлер Бахмутқа зымыранмен атқылап, тамызға қарай қаланың шетіне жылжыды. Содан бері Ресей әскерлері бірнеше шақырымға ғана алға жылжи алды. Қалада көптеген ғимарат қирады, электр қуаты мен су жоқ. Соғысқа дейін Бахмутта 70 мыңға жуық адам тұрған.