1 қаңтардан бастап жәрдемақылар автоматты түрде тағайындалады
Келесі жылы автоматты тағайындау форматын 4 қызмет бойынша қолдану жоспарланып отыр
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне жәрдемақы тағайындау пилоттық режимде іске асырылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Вице-министр 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау кезінде бұл тәсіл пилоттық режимде қолданылатынын айтты.
«Келесі жылы автоматты тағайындау форматын 4 қызмет бойынша қолдану жоспарлануда. Біз екінші деңгейдегі банктермен жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Бүгінгі таңда қазақстандықтарға банктік қосымшалар арқылы 6 қызмет қолжетімді және 11 айда оларды 280 мыңнан астам адам алды. Бұдан басқа 17 қызмет экстерриториалды түрде көрсетіле бастады, яғни оларды Қазақстанның кез келген жерінде, тіркелген жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінбей-ақ ала алады», – деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.