38 жастағы танымал актриса өз аккаунтында жеке пікірін білдірген
Иран билігі неше аптадан бері көтеріліске шығып жатқан белсенділерге қолдау танытқаны үшін елдегі танымал актриса Таране Алидостиді қамауға алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасай отырып.
Оған дәл қазір елдегі көтеріліске қатысты «жалған ақпарат таратты» деген айып тағылып отыр.
Таране Алидости ел билігінің тәртіпсіздіктерді тоқтатуға қатысты әрекетін ашық сынға алып, қарашада instagram парақшасында наразылық танытқан қыз-келіншектерді қолдай отырып, өзінің хиджаб кимеген суретін жариялаған. Ал өткен аптада үкіметке қарсы шыққандарды өлім жазасына кесіп жатқан билікті қатты сынға алып, желіде жазба қалдырған.
Ел билігінен басқа, ол Мохсен Шекари атты азаматты өлім жазасынан құтқарып қала алмаған халықаралық ұйымдарды да қатты сынаған.
Айта кетейік, Мохсен Шекариді үкіметтің жартылай әскери Басидж тобының мүшесіне шабуыл жасады және Тегерандағы көшелердің бірінде қозғалысқа кедергі жасады деген айыппен 8 желтоқсан күні жергілікті билік асып өлтірген.
«Оның аты Мохсен Шекари еді. Осы қантөгесті бақылап, ешқандай әрекет жасамай отырған әрбір халықаралық ұйымның адамзат алдында ұяты көп», - деп жазған еді актриса.
Иранның IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлағандай, «өзінің жазғанына құжат түрінде ешқандай дәлел келтіре алмаған актрисаны полиция қамауға алған». Ал оның 8 миллионнан астам оқырманы бар аккаунты жойылған.
Айта кетейік, актриса Таране Алидости – Ирандағы ең танымал тұлғалардың бірі. Ол ойнаған «Коммивояжер» картинасы 2016 жылы үздік шетелдік фильм ретінде «Оскар» жүлдесін алған.