Мәскеу Украинаға қарсы қысқы шабуыл әзірлеп жатуы мүмкін – ISW зерттеу институты
Сарапшылар ол шабуылдардың нәтижелі болуы екіталай дейді
Американың соғысты зерттеу жөніндегі институты (ISW) соңғы зерттеулерінде Ресей телеарналарындағы пропогандаға анализ жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Зерттеу институты Ресейдің телеарналары көрсетіп жатқан соңғы жаңалықтарға, яғни, саяси тұлғаларды әскери кездесулеріне, бүгін, 19 желтоқсанға жоспарланған РФ президенті Владимир Путин мен Беларусь президенті Александр Лукашенконың кездесуіне талдау жасай келе, бұл әрекеттер Мәскеу алдағы айларда майданда қандай да бір шешуші әрекеттер жасамақ деген қорытындыға тоқталған. Бірақ зерттеу институты Ресейдің ол әрекеттері нәтижелі бола қоймас деген болжам жасап отыр.
«Ресейдің әскери шенеуніктері «әскери іс-әрекеттерді» жоспарлауға белсенді қатысып жатқандай және бәрін бақылауда ұстап отырғандай әсер қалдыруға тырысып жатыр. Әсіресе, Украинада айтарлықтай жеңіске жетіп жатпаған Ресейдің бұл іс-қимылы жуық арада олар Украинаға қайта шабуыл жасауы мүмкін дегенді білдіріп отырғандай», - деп жазады институттың аналитиктері.
Америка зерттеушілері Путин мен Лукашенконың бүгін болатын кездесуі де жаңа шабуылдар дайындалып жатқанының айқын көрінісі деп отыр: Шығыс Еуропаның сарапшылары сияқты америкалық сарапшылар да Путин бұл кездесу барысында Лукашенконы соғысқа барынша белсенді тартуға тырысады деген пікірде.
Осы айтылғандарды ескере отырып ISW институты Ресей шабуыл жасауын жасаса да, оның нәтижелі болуы екіталай деген қорытынды айтқан.
Институттың зерттеуі Ресейде әскерге шақырылып жатқандар жуық арада соғысып үйрене қоймайтынын, мобилизация аясында майданға тартылғандар тез әрі сәтті операциялар жасауға дайын еместігін алға тартқан. Оның үстіне, Ресейде танк пен артиллерия жетіспейді, ал бұл осы қыс ішінде шешіле қоятын мәселе емес.
«Соған қарамастан, Путин бәрі бір қыс ішінде үлкен шабуыл жасауға бұйрық беруі мүмкін, алайда орыс немесе орыс пен беларусь әскерлерінің мұндай операцияны сәтті жүргізетініне қатты сенімді болмау керек», - деп жазады ISW.
Америка сарапшылары сондай-ақ, Беларусь президенті Лукашенко Украинаға өз әскерін жібере қояды дегенге де күмәнмен қарап отырғанын айта кету керек.