Алматыда жоғалған жасөспірім табылды
20 қаңтар күні жоғалып кеткен Күнту Шерхан аман-есен табылды
Алматыда із-түзсіз жоғалып кеткен 14 жасар жасөспірім аман-есен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция өкілдерінің хабарлауынша, 20 қаңтар күні жоғалып кеткен Күнту Шерхан аман-есен табылып, ата-анасына табыс етілді.
«Бала аман-есен табылды, оған ештеңе болмаған, бүгін түнде ата-анасына тапсырылды. Полиция баланы қаланың төменгі бөлігінен тапты. Алматы қаласы Полиция департаментінің басшылығы атынан іздеу жұмыстарына атсалысқаны және бірлесе әрекет еткені үшін волонтерлерге алғыс айтамыз. Күнту Шерханды іздеу жұмыстарына барлығы 150-ден астам адам қатысты. Олардың ішінде полиция қызметкерлерінен басқа, мұғалімдер мен волонтерлер де бар. Біз жасөспірімнің аман-есен табылатынына сендік. Оның не себепті үйінен кетіп қалғаны әлі нақтыланатын болады», - деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция бөлімінің бастығы Ләйлә Әліпбаева.
Еске сала кетсек, баланың жоғалып кеткені туралы Алматының Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов өзінің Instagram парақшасында хабарлаған болатын.