$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Оңтүстікте жылыжайға көмір жетпей жатыр, енді көкөніс қымбаттауы мүмкін

 Шаруалар жылу іздеп шарқ ұрып жүр

Оңтүстікте жылыжайға көмір жетпей жатыр, енді көкөніс қымбаттауы мүмкін
Фото ашық дереккөзден

Оңтүстікте көмір тапшылығынан мыңдаған диқан тақырға отырудың аз алдында тұр. Жылыжайда көкөніс өсіретін шаруалар қатты отын тапшылығы сезілуде дейді. Мәселе тез арада шешілмесе, 30 мыңға жуық адам жұмыссыз қалып, көктемге қарай көкөніс қымбаттайды деп отыр. Шаруалар жылу іздеп шарқ ұрып жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Күнгейдегі диқандар жылыжайдағы көмірхананы сыпырып әлек. Себебі, бірнеше айдан бері өңірге көмір келмей жатыр. Егер таусылып от өшсе, көкөністің бәрін үсік шалады деп уайымдайды. 

«Күндіз – 10-15 градус суық болса, бір гектарға алты тонна жағамын. Орташа есеппен 4-5 тонна жағылады. Көмір болмаса, биыл бұл жағдайджан аман шыға алмаймын. Он күннің ішінде, бір апта ішінде көмір келмесе, ағаштарды кесеміз», - дейді диқан Тұрсын Тасқожаев.

Түркістан облысында 1200 гектар жылыжайда 30 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Биыл қыс басталғалы бәрінде отын тапшы. Көмір таба алмай тақырға отырғандар да жетіп жатыр. Мәселен, Бек Атажановтың пісуге шақ тұрған қияры суыққа шыдамай үсіп кеткен.

 «30-40 миллиондай кетті. Жеміс ала алмай отырмыз. Ауа райы суық. Температураны көтере алмадық. Көмір жоқ. Көмір келсе де, сапасыз. Міне, бәрін жұлуымыз керек. Ал қызанақ, қияр, болгар бұрышының көшеті отырғызылған көшетханада миллиондаған түп өнім жетіліп жатыр. Бірақ оны салқын жылыжайға жеткізу мүмкін болмай жатыр», - дейді диқан Бек Атажанов.

 Мәселен, қызанақтың мына түрі көшетханадан қарапайым жылыжайға көшірілуге дайын. Бірақ тапсырыс берген диқан көмір тапшы болған соң, әкете алмай жатыр. Ал көшет тұра берсе, тамырлай алмай, өнімнің саны да, сапасы да күрт төмендейді. Яғни қыруар қаржы мен алапат маңдай тер далаға кетеді. Шаруалар көмір мәселесін айтып тамыз айында дабыл қағыпты. Сол кезде шенеуніктер  отын тапшылығы болмайды деп сендірген. Бірақ қыс түскенде теміржол тұйықтарында бір түйір көмір жоқ. «Бұл – қолдан жасалған тапшылық» дейді шаруалар.

 «ҚТЖ-да вагон бар. Шұбаркөлде көмір бар. Бізде ақша бар. Бірақ қазір көмір жоқ. Бұл қымбатшылықты қолдан жасау. Біздің үлкен күдігіміз бар. Осы мәселеге қатысты адамдар – ҚТЖ, Шұбаркөл және осы бізге тасымалдаушы компаниялар. Қолдан ұйымдастырып бағаны көтеру. 18 мың теңгелік көмірді 25 мың теңге қылу», - дейді «Ұлттық мақта өсірушілер мен диқандар» бірлестігінің жетекшісі Данияр Қалтаев.

Ал шенеуніктер қазір 100 вагонға жуық көмір оңтүстікке келе жатыр дейді. Бірақ бұдан былай шаруалар солтүстіктен оңтүстікке көмірді өзі тасуы керек екен.

 «Индустрия және инфрақұрылым министрлігі тарапынан жылыжайларды бизнес субъектісі ретінде бөлек шығару жөнінде жеке өзә сатып алу керек кен орнынан деген ұсыныс бар. Бірақ біздің жоспарда жеке тұрғындармен қатар жылыжайлар да бар», - деді Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Марат Байғұнысов.

Яғни қазір келе жатқан көмір шаруалар үшін мемлекеттен берілген соңғы сый сияқты. Ары қарай шаруалар отын мәселесін өзі шешуге тиіс.

Серіктес жаңалықтары