Шымкентте санитарлық талаптарды сақтамаған 3 балабақшаға айыппұл салынды
Тексеріс нәтижесінде біршама кемшіліктер анықталған
Шымкентте санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамаған 3 балабақшаға 658 545 теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент жыл басынан бері ерекше тәртіппен 3 балабақшаны тексерген. Нәтижесінде біршама кемшіліктер анықталған.
Департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, кейбір топтарда жиһаздың тұтастығы бұзылған, ойыншықтар жуылмаған, ойыншықтарды жууға және өңдеуге арналған ыдыстар таңбаланбаған. Сондай-ақ, үй-жайларда бір типті шамдар орнатылмаған, қорғаныш құралдармен қапталмаған. Дезинфекциялау құралдарының зертханалық зерттеу нәтижелері қолданыстағы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейді. Температураны бақылау үшін орнатылған тоңазытқыштағы термометрде істен шыққан.
Сонымен қатар, балаларға сатып алынатын өнімге олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын сәйкестік туралы құжаттар ұсынылмаған. Топтық үй-жайларда және медициналық пункт үй-жайларында ауа температурасын бақылау үшін термометрлер орнатылмаған.
Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жүргізілген тексерулердің нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша жалпы сомасы 658545 теңгеге 5 айыппұл салған.