Түркия қазақстандық мұнайды Босфор арқылы өткізе бастады: Ақшолақов ақпаратты растады
Бұған дейін Қазақстан мұнайы тиелген 10-ға жуық танкер бірнеше күн бойы бұғазда тұрып қалған болатын
P&I сақтандыруының жарамды екенін растайтын хатты ұсынғаннан кейін 24 танкердің 8-і Босфор бұғазынан өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі «Анадолы» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«1 желтоқсаннан кейін Қара теңізден түрік бұғаздарын кесіп өткісі келген 24 шикі мұнай танкерінің 8-і Босфор арқылы өтуін аяқтап, біз сұраған P&i сақтандыруының жарамды екенін растайтын хатты ұсынды. Қазіргі уақытта Стамбұл бұғазы арқылы өту жоспарына тағы төрт шикі мұнай танкері енгізілген. Олар тиісті растау хатын ұсынды. Олар ертең Босфор арқылы өтеді деп болжанып отыр», - делінген хабарламада.
Қалған 12 шикі мұнай танкері әлі тиісті растау хатын ұсынбаған. Олардың бортындағы шикі мұнайдың мөлшері 1,8 млн тоннаны құрайды.
Сондай-ақ мәлімдемеде ертең 475 мың тонна шикі мұнаймен төрт танкер өтетіні айтылған.
Бұл ретте тиісті растау хатын ұсынбаған 12 шикі мұнай танкерінің тоғызы Еуроодақ елдерінің порттарына барады. Бұл кемелердің сегізі Грекияға, тағы үшеуі Гонконгқа тиесілі.
«Осы кемелер үшін P&L сақтандыруды International P&I Group құрамына кіретін британдық компаниялар ұсынады. Растау хаты жоқ сегіз танкердің бесеуі Түркияның аумақтық суынан шығарылды. Төрт танкер тиісті құжаттарды ұсынғаннан кейін Эгей теңізіне қарай бағыт алды. Қазіргі уақытта өтуді күтіп тұрған бір ғана танкер бар. Дүйсенбіде екі кеменің өтуі жоспарланып отыр», - деп атап өтті Басқарма.
Сондай-ақ жалғыз ресейлік шикі мұнай танкері тиісті растау хатын ұсынды және ертең Босфор арқылы оңтүстік бағытта өтеді.
Айта кетсек, бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап берген ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Түркия жағалауында тұрып қалған қазақстандық мұнай тиеген танкерлер қайта жолға шыққанын айтқан болатын.
«Бүгін таңертең барлық кеме қайта жолға шықты. Кеше, менің ойымша, 8 кеме кетті», - деді Б. Ақшолақов.
Еске салайық, бұған дейін «Қазмұнайгаз» компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев қазір Түркия бұғаздарының маңында Қазақстан мұнайы тиелген бірнеше танкердің 6 күннен бері тұрғанын мәлімдеген болатын. Ал Bloomberg агенттігі қазақстандық мұнай тиелген танкерлердің Қара теңізден ары қарай әлемдік нарыққа шыға алмай тұрғанын, себебі Түркия олардың дұрыс сақтандырылғанын дәлелдеуді талап ететінін хабарлаған еді.