ҚР Ұлттық банк төрағасы: Жыл соңына дейін инфляция 20-21%-ға дейін жетуі мүмкін

Автор: Әйгерім Ердәулет

2023 жылдың 1-тоқсанында шарықтау шегіне жетеді деп күтілуде

ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша 2022 жылы Қазақстанның экономикасы мен қаржы секторы бұрын-соңды болмаған күтпеген өзгерістерге ұшырады.  Үкіметтің кеңейтілген отырысында ол келесі жылға болжам келтіріп, баяндама жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Пірматов өз сөзінде инфляцияны тұрақтандыру үшін Ұлттық Банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын іске асыруды жалғастырып отырғанын айтты. Соның арқасында келесі жылы биыл 20 %-ға жеткен инфляция келесі жылы 11-13%-ға дейін төмендейді деп болжады.

«Биылғы қараша айында жылдық инфляция 19,6%-ға жетті. 24,1%-ға дейін жеделдеген азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға үлкен үлес қосып отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 18,6%-ға жетті, ақылы қызмет көрсету бағасы 14,1%-ға өсті.

Инфляцияның республикалық деңгейден жоғары өсуі Маңғыстау облысында, Астана қаласында, Ақмола, Ұлытау және Қарағанды облыстарында тіркелді.

Инфляцияның өсуі сыртқы инфляциялық қысымның артуы тауарларды логистикалық жеткізу жолдарын қайта құру, рекордтық инфляциялық күтулер, сұранысты фискалдық ынталандыру және кредиттеудің ұлғаюы аясында жалғасуда.

Жылдың соңына дейін инфляция 20-21%-ға дейін көтеріліп, 2023 жылдың 1-тоқсанында шарықтау шегіне жетеді деп күтілуде.

Инфляцияны тұрақтандыру үшін Ұлттық Банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын іске асыруды жалғастырып отыр.

Қабылданған шаралардың әсер ету шамасын және инфляциялық қысымның жеңілдеуіне қарай нақты мөлшерлеменің өсуін ескере отырып, 2023 жылы инфляцияның 11-13%-ға дейін төмендейтіні болжануда», - деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Геосаяси жағдайдың шиеленісуі және жаһандық қаржы нарықтарындағы қолайсыз жағдайлар ұлттық валютаның динамикасына әсер етті. Наурыз айында ұлттық валютаның долларға шаққанда 512,17 теңгеге дейін рекордтық әлсіреуінен кейін мамыр айында теңге бағамы 1 доллар үшін 414,79 теңгеге дейін нығайды.

Бас банк төрағасы биылғы қазан айында депозиттер 30,0 трлн теңгеге жеткенін айтып, теңгедегі активтерге деген сенімнің артқанына сенімді екенін алға тартты.

Айта кетейік, базалық мөлшерлеме халықтың теңгедегі салымдарына арналған шекті мөлшерлемелерін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының көтеруімен қатар жүрді. Ал жыл басында теңгедегі жинақ салымдары бойынша кепілдік берілген өтеудің ең жоғары мөлшері 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Айта кетейік, Ұлттық банк жақында базалық мөлшерлемені 16,75 пайызға көтерген болатын.