«Суықта күш береді»: Екібастұзда жылусыз қалған тұрғындарға жылқы еті таратылды
Еріктілер қала тұрғындары мен жөндеу жұмысымен айналысып жатқан бригадаларға тұрақты түрде ыстық тамақ тасып жүр
Арқаның кәсіпкерлері Екібастұз қаласындағы халыққа жылқы етін тегін таратып жүр. Сақылдаған сары аязда жылусыз қалған тұрғындарға ет асып беріп, сорпамен күш беруге көшкен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Қалада құбыр жүйелері қатып, пәтерлер жаппай жылусыз қалғалы суықтан ауырған адамдардың саны да артқан. Әртүрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен айналысатын бір топ жігіт осы жолы Екібастұздың тұрғындарына жылқы сойып, етін тасуға көшкен. Ұлытау облысынан сойылған жылқы етін қала тұрғындарына, одан басқа жарылған жылу құбырларын жамаумен айналысып жатқан жұмысшыларға да асып беріп жатыр.
«Жылқыларды арнайы сойып, Екібастұз қаласына тасыдық. Сол жақтағы адамдар халықты жинап, ұйымдастырды. Көшеде қазан-қазан ет асылып, елге, жұмысшыларға, еріктілерге сорпа ішкізіп, ас бердік. Халық жақсы қабылдады. Өзге малдың етінен қарағанда жылқының сорпасы суықта адамға күш береді. Оның етін жеп, сорпасын ішкен адам ауырмайды. Суықта тоңбайды, күш береді адамға. Одан бөлек қуырдақ та беріліп жатыр. Бұл іске Көңілбай Шүкенов бастаған кәсіпкерлер бастамашыл болды. Біз оны қолдап, арқаның төсінен жылқы етін тасыдық. Ет көптеген адамдарға жетті», - деді «Асыл адам» ҚҚ президенті Мақсат Үрәтбек.
Екібастұз қаласының көшелерінде асылған қазандар көзге жиі ұшырайды. Қалаға өзге өңірлерден сегіз жүзден астам жұмысшы тартылған. Қайырымды жігіттер мен ерікті топ, түрлі ұйым өкілдері күннің суығына қарамастан жұмыс істеп жатқан бригадаларға тұрақты тамақ тасып жүр.
«Жұмысшылар қатып қалған жылу құбырларын, кәріз жүйелерін қалпына келтіріп, жұмысты толық аяқтап елдеріне қайтамыз деп отыр. Олардың шыдамдылығы, еңбекқорлығы тұрғындарды қуантып жатыр. Бірақ құбыр жүйелері әбден тозыпты. Дегенмен елдің осылай жан-жақтан жабылып, түрлі көмек көрсетуі, қолдарынан келген іспен пайдасын тигізуі еліміздің бірлікшіл екендігін көрсетеді», - деді қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылардың бірі Нұргүл Бірімжанова.