Кадр тапшылығын шешу: автобус жүргізушісі куәлігін алу талаптары жеңілдейді
Жұмысқа тұратындардың еңбек өтілі де азаяды
«AMANAT» партиясы жанындағы көлік және логистика комитетінің отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов қоғамдық көлік бойынша кадр тапшылығын шешу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Биыл автобустарды алғашқы жарнасыз 7 жылға алу бойынша жаңа лизингтік бағдарлама қолданылып жатыр. Оған 30 млрд теңге қаражат бөлу қарастырылған. Сондай-ақ D санаты бойынша куәлік алуды жеңілдету мәселесі қаралды. Атап айтқанда, жас бойынша талап 25-тен 23 жасқа дейін төмендетіледі. Еңбек өтілі 5 жылдан 3 жылға қысқартылады. D1 санаты бойынша 3 жылдан 1 жылға дейін қысқартылады. Бұл мәселе Ішкі істер органдарының өкілдерімен ұзақ уақыт талқыланды. Соңғы жиында вице-премьер бұл бастаманы қолдады», - деді ол.
Ыдырысовтың айтуынша, автобус жүргізушісі болу мамандарға қызықты емес, сондықтан салада кадр тапшылығы бар.
«Біз нормативтік тұрғыда автобус жүргізушілерінің жалақысына қосымша төлем жүргізуді қарастырдық. Олардың санаты мен біліктілігіне байланысты еңбекақыларына 35 пайыз қосу қарастырылып отыр», - деді Алмаз Ыдырысов.