Қазақстан балық өндіру бойынша Өзбекстаннан неліктен артта қалды?
Еліміз Өзбекстан тәжірибесінен үлгі алып жатыр
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Экология, геология және табиғи ресурстар министрінен Өзбекстанның балық өсіру тәжірибесін неге қолданбай отырғанымызды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мына көршілес Өзбекстанды қарасақ, оларда су көздері бізге қарағанда аз. Бірақ оларда балық шаруашылығы бізге қарағанда айтарлықтай жақсы дамыған. Бірнеше есе көп балық өндіріледі. Өзбекстан тәжірибесін неге қарамайсыздар? Бізге не кедергі болып отыр?», - деп Әлихан Смайылов Серікқали Брекешевке қарата айтты.
Өз кезегінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі былтыр отандық бизнес өкілдерімен бірлесіп министрлік өкілдері Өзбекстанға барып, тәжірибені зерттегенін айтты.
«Өзбекстанның негізгі айырмашылығы – қолайлы табиғи климаттық жағдайдың болуы. Олардың балықты жыл бойы өсіруге мүмкіндігі бар. Олар біз сияқты көлемде табиғи су айдындарынан балық ауламайды. Өзбекстанда арнайы заң жобасы қабылданған. Бізде де сондай заң жобасы әзірленді. Оны келесі жылдың қарашасына дейін Парламентке енгіземіз», - деді Брекешев.