Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін отбасы мүшелері әлеуметтік қызметкер ретінде танылады - Тамара Дүйсенова
Кодекс жобасына енгізілетін жаңа параметрлер отбасыларға берілетін мемлекеттік қолдаудың аясын кеңейтуді көздейді
Еңбек министрлігі ұсынған Жаңа Әлеуметтік кодекстің екінші новелласы отбасыларды және отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдау жүйесіне негізделген. Бұл орайда 2 мәселе назарға алынады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет сағатында айтты.
«Бірінші - балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау. Әлеуметтік кодекс жобасында балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы біртұтас жүйесін толық сақтау және оның негізгі параметрлерін өзгерту қарастырылды», - деді министр
Енді Кодекс жобасына енгізілетін жаңа параметрлер отбасыларға берілетін мемлекеттік қолдаудың аясын кеңейтуді көздейді, яғни:
- а) Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен түскен табыстың 50 пайызы көлеміндегі бастапқы капитал қосымша көмек көзі болмақ;
- б) бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі ұзартылатын болады;
- в) көпбалалы аналарға берілетін жәрлемақы мөлшері көбейтіледі және олар Алтын және Күміс алқамен наградтталған аналар деген жаңа статуспен қарастырылатын болады;
- г) тағы бір маңызды параметр – 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейінен емес медиандық табыс есебінен анықталатын болады.
Бұл бағыттың тағы бір басты мәселесі - мүмкіндігі шектеулі баласы немесе азаматы бар отбасыларына көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін толығымен қайта құру.
«Біріншіден, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін тарту. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Осылайша, отбасының жұмыспен қамтылмаған мүшелері еңбекке қабілетті жасында жұмыспен қамтамасыз етіледі және ықтимал әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру шараларымен қамтылатын болады», - деді Тамара Дүйсенова.
Тағы бір өзгеріс, енді әлеуметтік қызмет порталы бойынша жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған комиссияларға жаңа құзыреттер беріледі:
- а) мүгедектегі бар азаматтардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы айтылған өтініштерін әлеуметтік қызмет порталы арқылы қабылдау және 5 күн ішінде қарау,
- б) өнім берушіге немесе қызмет көрсетушіге берілген тауар мен көрсетілген қызметтің сапасын жөндеу жөнінде мерзімі көрсетілген хат жолдау және оның орындалуын бақылау құзіреті беріледі,
- в) сондай-ақ, өнім берушіні немесе қызмет көрсетушіні әлеуметтік қызмет порталынан алып тастау және оны міндеттемелерін адал атқармайтын өнім беруші тізіміне енгізу туралы шешім қабылдай алатын болады.
Бұдан бөлек, әлеуметтік қызметкерге деген квадификациялық талаптар мен олардың мәртебесін көздейтін нормалар енгізілді. Яғни бұдан былай, әлеуметтік жұмыспен біліктілігі тәуелсіз бағалаудан өткен және сертификаты бар мамандар ғана айналыса алады; мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсеттетін мамандарды таңдау үшін әлеуметтік қызметкерлердің реестрі жасалады; в) сонымен бірге, әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақы төлеу жүйесі және қолдау шаралары қайта қаралады. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі біліктілік деңгейін, көрсетілетін қызметтердің санаты мен ерекшелігін ескеретін болады.