$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Miras» кеңесі: Әділетті Қазақстанның негізі – жаңа қоғамдық сана

Республикалық қоғамдық кеңестің отырысы өтті

«Miras» кеңесі: Әділетті Қазақстанның негізі – жаңа қоғамдық сана

Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында «Әділетті қоғам: жаңа қоғамдық сананы қалыптастыру» тақырыбы төңірегінде ой қозғап, пікірлер айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай үлкен өзгерістерге қадам басқалы тұрған тұста жауапкершілік жүгі қоғамның әрбір мүшесіне жүктелетінін баса айтты.

«Ел тізгінін ұстап, мемлекетімізді жаңа дәуірге бастаған Президентіміздің Әділетті, Қуатты Қазақстан құру жолындағы бастамаларына қолдау білдіруге тиіспіз. Әділетті Қазақстан идеясы баршамызға ортақ. Қоғамдық сананы өзгерту ол уақыт талабы. Себебі қазір рухани құндылықтардың өлшемі өзгерді. Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің күретамыры. Егер әрбір азамат мемлекет дамуындағы өзінің жауапкершілігін сезіне білсе және сол жауапкершіліктерге сай әрекет етсе, ел дамуында оң өзгерістер болатынына сеніміміз мол», - деді ол.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова жаңа қоғамдық сана адал қызметтен, жауапкершіліктен бастау алатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы «Ел мүддесі – бәрінен биік. Мен барлық мемлекеттік қызметшіден өз жұмысын адал атқаруды талап етемін» деген болатын. Қазіргі таңда Екібастұз қаласында болған оқиғаға байланысты бұл сөздің мәні артып отыр. Әділетті қоғам құрамыз десек, әрбір азамат сөзі мен ісіне жауапты болуы тиіс. Барлық мәселені ұлт болып ұйысып, шеше білуіміз қажет», - деді халық қалаулысы.

Ал Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай халықтың әділетті қоғам қалыптастыруға деген зор ынтасын ерекше атап өтті. Ол қоғамдық сананы өзгертуді еңбекқорлық пен еңбек адамына деген құрметті қалыптастырудан бастау керек деп есептейді.

«Біз әр саланың кәсіби мамандарына зәруміз. Көптеген әділетсіздікті қоғамдық сана, қоғамдық пікір ғана тоқтата алады. Сөзден нақты іске көшуіміз қажет. Оны Президентіміз де қадап айтты. Әділетті қоғам қалыптастыру үшін әрқайсымыз үлгі болуымыз керек», - деді депутат.

«Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, Ұлттық құрылтай Төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай кез келген өркениетті елдің негізі – адам құқығының сақталуы деген ойын ортаға салды. Сондықтан әділетті қоғамға қадам жасау үшін ең алдымен заң үстемдігін қамтамасыз етіп, медиа сауаттылықты арттыру қажет.  

Ал белгілі қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазының айтуынша, қоғамдық сананы өзгертетін өзек – руханият. Ал руханияттың өзегі – тіл.

Бұл ретте, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ЖШС бас директорының орынбасары Әскер Пириев жаһандану кезеңінде қоғамдық санаға, әсіресе, жас ұрпақтың ой-өрісіне айрықша мән беру қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, инвестиция өскелең ұрпаққа бағытталуы керек.

«Келешекте әлемдік деңгейдегі білікті инженерлер, дәрігерлер және өзге салалардың кәсіби мамандары осы жастар қауымының арасынан өсіп шығады. Алайда алдағы он жылда әлеуметтік желіде тәрбиеленген ұрпақпен бетпе-бет келеміз. Сондықтан, ертеңгі жастардың ой-санасына сақтықпен қарап, олардың бағыт-бағдарына әрқашан жіті мән беруіміз қажет», – деді Ә.Пириев.

Жиын соңын Кеңес төрағасы Аманжол Әлтай «Әділетті қоғам бір күнде құрылмайды. Оған еліміздің әрбір азаматы өз үлесін қосуы қажет» деген оймен түйіндеді.

Серіктес жаңалықтары