$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қаржы пирамидасын құру екі есеге көбейген – сарапшы

Қазіргі уақытта Ақтөбеде төрт қаржы пирамидасы ісі бойынша ауқымды процесс жүріп жатыр

Қаржы пирамидасын құру екі есеге көбейген – сарапшы
Фото ашық дереккөзден

Қазақстанда қаржы пирамидаларын құру үшін жауапкершілік күшейтіледі, ал жарнама үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленді. Мұны регламенттейтін заң жобасын сенаторлар екі оқылымда мақұлдап, Мемлекет басшысына қол қоюға жіберді. Заманауи пирамидалардың көптеген түрлері бар, бірақ олар бір қағидат бойынша жұмыс істейді – оларға қаражат жаңа қатысушыларды үнемі тарту арқылы түседі. Адамдар мен ақша ағыны аяқталғаннан кейін пирамида құлайды.

ҚР Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, 2022 жылғы мамырда ҚР ҚК 217-бабы  (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша 163 қылмыстық іс тіркелген, бұл биылғы қаңтар айымен салыстырғанда екі еседей көп (91 қылмыстық іс).

«Алданған салымшылар қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға сеніп, жинақтарын жоғалтады. Мысалы, қазіргі уақытта Ақтөбеде төрт қаржы пирамидасы – «Еstate Ломбард», «Нұрәлі капитал», «Тиімді қарыз» және «Гарант 24» ісі бойынша ауқымды процесс жүріп жатыр. Қазақстанның барлық өңірлерінен 17 мыңнан астам адам зардап шегуші болып танылды. Полицияның мәліметінше, келтірілген шығын көлемі 30 млрд теңгеден асты. Зардап шегушілердің көпшілігі соңғы тұрғын үйді, автомобильдерді сатты және тез әрі оңай табыс табуға үміттеніп, бірден пирамидаларға қаражат салды. Қаржы пирамидаларының ұйымдастырушылары инвестициялар үшін айына 35%-дан жоғары пайыздарды уәде етті, бірақ олар тек бірінші қатысушыларға қосымша ақша табуға мүмкіндік берді, ал қалғандары уәделерді қанағат тұтты. Пирамидаға адамдардың барынша көп санын тарту үшін БАҚ-та, әлеуметтік желілерде және белгілі блогерлер арқылы белсенді және агрессивті жарнама болды, - деді «Қазақстанның қаржы мәдениеті» қоғамдық қоры, Stop-piramida.kz жобасының өкілі Нұркен Шардарбеков.

Оның айтуынша, азаматтар өз қаражатын белгісіз адамдарға өз еркімен беру үшін жарты күн кезекте тұрған. Ол азаматтардың желідегі түрлі инвестициялық онлайн-жобалар туралы ақпаратты, сондай-ақ «қаржы компанияларының» ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (Агенттік) сайтында лицензиясының болуын сирек тексеретініне налиды.

«Қызылордадан келген бір зардап шегуші 2020 жылы қаржы пирамидасына соңғы 700 мың теңгесін салды, ол бірнеше сағат кезекте тұрған. Оның алдында бір әйел кеңседен жүгіріп шықты, өйткені оның көлігін сатып алушылар келіп, оны тез сатты да, ақшаны пирамида ұйымдастырушыларына табыстады. Ал 2021 жылы Қызылордадан келген дәл осы адам телефон алаяқтарының құрбаны болып, олар оған жалпы сомасы 22 млн теңгеге кредиттер ресімдеді. Қазір оның барлық мүлкі – пәтері, автокөлігі кредиттік ұйымдардың кепілінде тұр, олар одан қарыз бойынша төлем талап етуде. Оның қаржысы да, отбасы да жоқ», - деді Нұркен Шардарбеков.

Салынған инвестицияның қайда кеткені белгісіз   

«BCC Invest» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Александр Дрониннің пікірінше, салымшылардың ақша қаражаты, нақты бизнесі жоқ, алайда алдында тұрғандарға төлем жасауға жұмсалатын жүйені пирамида деп атау керек. Қаржы пирамидасының негізін қалаушылар инвесторларға ұзақ уақыт бойы қолдау көрсетілмейтін жоғары табыс табуға уәде етеді. Пирамиданың барлық қатысушылар алдындағы міндеттемелерін өтеу мүмкін емес.

Ол қаржы пирамидалары өздерін кез келген ұйым ретінде көрсетуі  мүмкін екенін атап өтті. Көбінесе олар өздерін инвестициялық кәсіпорын ретінде көрсетеді. Өз жарнамаларында олар «перспективалы бизнес», «жоғары технологиялық компания», «инновациялық жоба» деген ұрандарды қолданады. Сондай-ақ, алаяқтар өздерін басқарушы компаниялар, тұтыну кооперативтері, букмекерлік кеңселер және т.б. болып көрсетеді.

«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде пирамидалардың саны артып келеді. Сондықтан сізді түрлі чаттарға, әлеуметтік желілердегі жалпы әңгімеге қосылуға шақырғанда абай болыңыз. Онлайн-пирамиданың құрығына ілігуіңіз мүмкін!»,- деп ескертеді А.Дронин.

Ол мынадай мысал келтіреді: алаяқтар танымал мессенджерде чат құрып, оған пайдаланушыларды белсенді түрде тартады және «өте пайдалы бизнеске» инвестиция салуды ұсынады. Мәселен, сіз 70 мың теңге саласыз, ақшаңыз батыс бағалы қағаздар нарығында айналымда болғанша бір апта күтесіз, содан кейін үстіне ақша қосып 150 мың теңге аласыз дегендей. Егер сіз екі қатысушыны тартсаңыз, дивидендтер мөлшері арта түседі деп сендіреді. Біреу чатқа қазірдің өзінде пайда тапқанын және бәріне инвестиция салуға кеңес беретіндігін жаза бастайды. Белгілі бір ақша жиналған кезде, алаяқтар чатты жойып, инвесторлардың «бастапқы» ақшасын қалтаға басып, инвесторларды өз проблемаларымен қалдырып, кете барады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерден қалыспайтын «инвестициялық сайттар» жұмыс істейді.

«Негізінен бүгінгі күні криптовалюталарға инвестицияны жарнамалау үрдісі байқалады. Алаяқтар инвестициялық сайт құрып, криптовалюталармен, шетелдік компаниялардың акцияларымен, бижутериямен, туристік жолдамалармен немесе басқа да қызметтер мен тауарлармен заңды түрде сауда жасайтындығын хабарлайды. Бұл ретте, олар 10 жыл бойы криптовалюталарға инвестиция салып, үлкен пайдаға кенелген жоғары деңгейлі мамандар бар деп жазады. Сондықтан олар сіздің табыс тапқаныңызды қалайды және олардың компаниясына инвестиция салуды ұсынады. «Сіз біздің сүйікті клиентіміз, сіздің дивидендтеріңіз өсіп жатыр және жақын арада бай боласыз» деген алдау сөздермен уәде береді»,- деді Алматы қаласы Полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Еркебұлан Қойшыбаев.

Еркебұлан Қойшыбаев «инвестициялық сайт» арқылы стандартты алаяқтық схеманың қалай жұмыс істейтінін егжей-тегжейлі түсіндірді. Мәселен, сіз олардың веб-сайтына өз шотыңызды ашасыз, деректерді енгізесіз, негізінен электрондық әмияндар, мысалы, Qiwi немесе AdvCash-сервисі арқылы ақша қаражатын саласыз. Олардың сайтындағы өзіңіздің жеке кабинетіңізге кіресіз, өз шотыңызға 10 мың доллар саласыз.  Келесі күні таңертең сізге компания өкілі қоңырау шалып, ақшаны алғанын растайды және оның инвестициялары қайда жіберілетіні және қандай пайда көретіні туралы айтады. Алаяқтар, олар әлеуметтік инженерлер емес пе, адамдардың тез баюға деген пейілдерін пайдаланады.

Бір апта, бір ай өткеннен кейін инвестор өзінің шотында 10 мың емес, 50 мың долларды көреді. Яғни, алаяқтар сайтта өз клиенттерінің кірістер кестесін сызады. Өз ақшасын алғысы келетіндер мұны жасай алмайды. Сайтта «Ақшаны алу» батырмасы бар, бірақ іс жүзінде олар жұмыс істемейді. Компания өкілдері қаражатты шығару үшін нотариустың, адвокаттың, заңгердің не кеденде және т.б. қызметтерге ақы төлеуді сұрайды. Бұл адам алаяқтардың қолына түскенін түсінгенге дейін жалғасады. 

Қаржы пирамидаларына қарсы тұру үшін жүргізілген жұмыстар

«2020 жылы Агенттік алқалы орган құрды, оның қызметі бірінші кезекте қаржы пирамидаларын анықтау және олардың қызметін тоқтату бойынша тиімді шаралар әзірлеуге бағытталған. Бұл құрамына Агенттіктің, Бас прокуратураның, Қазақстан Ұлттық Банкінің, ҚР ІІМ, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің, сондай-ақ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері кіретін Ведомствоаралық жұмыс тобы (бұдан әрі –ВАЖТ), - деді Агенттіктің қаржы нарығындағы теріс пайдаланушылыққа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мақсат Шағдаров.

Оның айтуынша, Агенттік қаржы пирамидасының белгілерімен анықталған ұйымдар туралы құқық қорғау органдарына үнемі ақпарат беріп отырады. Осылайша, 2022 жылдың басынан бастап ҚР Қаржылық мониторинг агенттігіне 14 субъект бойынша (2021 жылы – 73) және ҚР ІІМ-ге 36 субъект бойынша (2021 жылы-135) ақпарат, оның ішінде екінші деңгейдегі банктерден алынған ақпарат жолданды.  Сондай-ақ, Агенттік жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдардың тізімін жасап, үнемі жаңартып отырады. Қазіргі уақытта тізімге қызметі қаржылық лицензиялау және реттеу аясынан тыс орналасқан 154 субъект кіреді.

Тізім жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен шағымдарын қарау, азаматтық қоғам институттарын білдіретін мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл негізінде қалыптастырылды.

Осыған байланысты, Агенттік тізімінде көрсетілген ұйымдармен қаржылық операциялар жасау азаматтар үшін салынған қаражатты жоғалтудың жоғары тәуекелін көтеруі мүмкін, деп ескертеді М.Шағдаров.

Қаржы пирамидасын қалай анықтауға болады?

Пирамида құрушылар алаңсыз өмірдің әдемі суреттерін көрсету арқылы жарқын жарнамамен қызықтырып, жалған әсер қалдыруы мүмкін, әдемі кеңселерге шақырады, сан алуан презентациялар мен ұтыс ойындарын ұйымдастырады. М. Шағдаровтың сөзіне қарағанда, 2021 жылы қаржы пирамидаларының белгілері бар субъектілерді алдын ала анықтау мақсатында Агенттік қаржы пирамидаларының 39 белгісінен тұратын тізбені әзірледі. Онда негізгі белгілер көрсетіледі.  

Бірінші белгісі – қаржы реттеушісі лицензиясының болмауы. Қаржы пирамидалары қаржы ұйымдарына жатпайды және олардың депозиттер қабылдау, жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашу және жүргізу, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыру үшін Агенттік лицензиясы болмайды, тиісінше, оларды қаржы реттеушісі бақыламайды.

«Ұйым шетелде тіркелген болса, бұл оған сенуге себеп бола алмайды. Бұл компания, оның басшылары мен жобалары туралы барынша көп ақпарат жинаңыз. Компанияның іскерлік беделін экономикалық және қаржы жаңалықтарын тарататын белгілі БАҚ-тардағы жарияланымдар бойынша тексеруге болады. Компания ұсынатын пікірлерді емес, желідегі тәуелсіз пікірлерді іздеңіз»,-деп кеңес береді М. Шағдаров.

Назар аударыңыз! Қаржы ұйымының лицензияның болу-болмауын Агенттіктің WWW.GOV.KZ сайтынан тексеруге болады.

Екінші белгісі - шамадан тыс пайда табатыныңызға кепілдік беру және тартқан клиенттер үшін сыйақы төленетінін уәде ету.

«Сізге аса жоғары пайыздар, кейде тіпті күнделікті табыс, сондай-ақ өзіңіз әкелген әрбір адам үшін бонустардың төленетініне уәде беретін болса, сенбеңіз. Бұл – қаржы пирамидасының айқын белгісі. Сізге табыс табатыныңызға кепілдік бере ме? Бұның өзі сізді алаңдатуға тиіс, демек сізді күмәнді жобаға алдап көндірмекші», - дейді М. Шағдаров.

Қаржы пирамидасының үшінші белгісі – құпиялылық, компанияның құрылтайшылары мен басшылары не жоба туралы нақты ақпараттың болмауы.

«Көп жағдайда қаржы пирамидалары өздерінің мұнай өндіру, алтын өндіру, құрылыс, микроқаржылық қызмет, Forex нарығы тәрізді жоғары кіріс әкелетін салаларда қызмет ететіндіктерін мәлімдейді. Компаниялардың тартылған қаражат пен басқа да есептілік туралы ақпарат ұсына алмауының өзі күмән тудыруы керек. Мәселен, компания заңды тұлға түрінде құрылған болса, онда оның сайтында құрылтайшылық құжаттар орналастырылуы керек, ал пирамидаларда ондай құжаттар болмайды», - деп атап өтеді М.Шағдаров.  

Қаржы пирамидаларының басқа да белгілері мыналар:

- интернетте, мессенджерлерде және әлеуметтік желілерде агрессивті жарнама;

- атауында, нышанында, жарнама хабарландыруларында танымал компанияларға, брендтерге ұқсас сөздер мен сөз тіркестерін немесе нышандарын пайдалану;

- офисі жоқ немесе номиналды офисі бар, мысалы, заңды тұлғаның тіркелген жері немесе жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша;

- компания офшорларда (Кипр, Сейшел аралдары, Белиз және т.б.) тіркелген;

- нарықтық деңгейден айтарлықтай жоғары кепілдік берілген кірістің төленетініне уәде беретін, активтерге немесе жобаларға инвестициялау;

- шарт компанияның, жеке тұлғаның немесе жария жобаның инвестор алдында қандай да бір міндеттемелері жоқ деп тұжырымдалған не шарт шарттық қатынастар тоқтатылғанда және міндеттемелер орындалмаған жағдайда да, ақша қаражатының қайтарылуы мүмкін емес етіп тұжырымдалған және т.б.

Қаржы пирамидасына кіріп кеткен жағдайда не істеген дұрыс?

Ең алдымен, ақшаңызды пирамидадан шығаруға тырысыңыз. Оны ұйымдастырушылар сізге мол пайда түседі деп уәде беріп, көндіруге тырысады не айыппұлдармен, сот талаптарымен қорқытуы мүмкін. Егер пирамида жуырда ұйымдастырылған болса әрі оны ұйымдастырушылар жария болудан қорықса, онда олар сізге өз ақшаңызды алуға көмектеседі. Бірақ қаржы пирамидасына салған ақшаны қайтару көп жағдайда мүмкін емес.

Құқық қорғау органдарына пирамида жайында міндетті түрде хабарлаңыз, ақшаңызды алаяқтарға бергеніңізді растайтын дәлелдерді дайындап қойыңыз. Бұл шарт, банктік шоттың үзінді көшірмелері, ұйымдастырушылармен хат жазысу скриншоттары болуы мүмкін. Полицияға және прокуратураға тергеу жүргізуге қатысты өтініш жазыңыз. Ақшаңызды қайтара алмаған жағдайда да, әділдікті орнатушы, бәлкім, сіз болуыңыз мүмкін, себебі пирамиданы тауып, таратып жібереді, ал басқа адамдар сіз түскен торға түспейді.

Қаржы пирамидаларының торына түсіп қалмау үшін басты кеңес – өз қаржылық сауаттылығыңыздың деңгейін арттырып, мамандандырылған курстарға барып, бұл тақырыпта әдебиет пен мақалалар оқыңыз.

Серіктес жаңалықтары