Ерлан Саиров: Олигарх Клебанов Екібастұздағы ЖЭО-ны мемлекетке 1 теңгеге сатпақ

Автор: Azattyq Rýhy

Депутат өз сөзінде халыққа және мемлекетке келтірген залалды қоса өтеуі керек екенін айтты

Фото ашық дереккөзден

Екібастұздағы жылу электр орталығын олигарх Александр Клебанов мемлекетке бір теңгеге сатуға дайын. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Ерлан Саиров мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Клебанов бұл нысандарды мемлекетке қайтаратын болса, халыққа және мемлекетке келтірген залалды өтеуі керек. Екі күн бұрын әкімдікте жиналыс өтіп, оған Клебанов та қатысты. Сол кезде осы мәселені қозғадық. Клебанов аталған нысанды бір теңгеге мемлекетке сатуға дайын екенін мәлімдеді. Ал біз олай болмайтынын, ең алдымен кәсіпорынды иелікке аларда оның жағдайы мен қазіргі ахуалын салыстырып, айырмашылығына анықтауды талап еттік. Кәсіпкер бұл айырмашылықты төлеуі тиіс, сол сияқты Екібастұздың тұрғындарына келген шығынды өтеп беруі қажет», - деді Е. Саиров.

Депутаттың айтуынша, бұл мәселе Үкімет деңгейінде шешілуі қажет.

«Егер құқық қорғау органдары заң бұзу деректерін анықтаса, онда келген залалдың орнын өтеу мәселесі көтеріледі», - деді депутат.