Бұзылған үйлердің жөндеу жұмысын әкімдік өтейді
Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Екібастұзда өткен брифингте тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазір әлеуметтік желі мен Telegram арналарында дұрыс емес ақпарат тарап жатыр. Су басқан үйлерді көрсетіп жатыр. Әлеуметтік желі бойынша тек 5 пәтер анықталды. Оларда батарея жарылған немесе су аққан. Тұрғындар мұндай жағдай бойынша мүлдем хабарласпадық деп отыр. Жедел желі бар, әкімдік ондай жағдайды бақылауда ұстап отыр. Оның ішінде жөндеу жұмыстарын өтеу бар. Жағдай шешілгенше БАҚ-пен үнемі жұмыс істеуді тапсырдым. Сіздерге қажет болса, осындай брифингті 2-3 рет өткіземіз. Бізге сіздердің халыққа ресми ақпарат жеткізгендеріңіз керек. Жасыратын түгі жоқ. Жағдай жақсарып келеді», - деді ол.
Серік Жұманғарин қосымша проблемалар болса оны жасырмайтынын айтты.
«Бұл өзімізге де тиімсіз. Оқиға орнына сағат сайын барып отырмыз. Жылу берілген үйлерге барып, жағдайды тексереміз. Бұл жерде барлық қажетті маман бар. Жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді ол.