Елімізде балаларды 2 жастан бастап балабақшамен қамту міндеті бекітілді
29 жылдың соңына дейін 2-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтылады
Балаларды 2 жастан бастап балабақшамен қамту міндеті бекітілді. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру туралы жазбасында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында білім саласын дамыту мен балалардың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Енді осы бағдарламаны белсенді түрде жүзеге асырамыз. Бүгінгі жазбамда Президенттің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген бірнеше тармаққа тоқталып өткім келеді. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етіледі. Егер бұған дейін басты назар 3-6 жасқа дейінгі балаларды қамту болса, енді 2 жастан бастап балабақшамен қамту міндеті бекітілді», - деді министр.
Бұл бағытта мектепке дейінгі ұйымдарды ашу, оның ішінде әсіресе жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша жұмыс ұйымдастырылады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2029 жылдың соңына дейін 2-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтылады.
Министрдің айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды ашуға арналған нақты жоспар әзірленді. Қызметтердің сапасын арттыру үшін мемлекеттік тапсырысты орналастырудың нормативтік талаптары күшейтілді.
Мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі «Ақша баланың соңынан ереді» қағидасына өзгертілді. Яғни қаражат ата-ана таңдаған балабақшаларға жіберіледі.