Шалғай ауыл-аймақтар спутниктік интернетке қалай қосылады?
Республикалық ғарыштық байланыс орталығы 617 шағын ауылды интернетпен қамтамасыз етуі тиіс
Шалғай ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету - Цифрлық даму министрлігінің басты міндеттерінің бірі. Өкінішке қарай кей аймақтарға кабельді интернетті тарту бюджет жағынан тиімсіз. Сондықтан да мамандар мәселені шешу жолында спутник арқылы таратылатын интернеттің көмегіне жүгінбек. Azattyq Ruhy тілшісі бұл жұмыстар қалай атқарылатынын және ауыл тұрғындары қандай спутниктер арқылы интернетке қол жеткізетінін анықтап білді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында Елордада өткен «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумында Қазақстан аумағын интернетпен қамту мәселесіне айрықша тоқталып өтті.
«Біз қазақстандық нарыққа Microsoft Azure, Amazon Web Services, Google Cloud және басқа да бұлтты есептеулердің ірі ойыншыларын белсенді түрде тартамыз. Халықтың шамамен 40%-ы ауылдық жерлерде тұратын еліміз үшін барлық азаматтарды қолжетімді және сапалы интернетпен қамтамасыз ету өзекті мәселе. Цифрлық даму министрлігі ең шалғай ауылдарды SpaceX және OneWeb төмен орбиталық спутниктік жүйелерінің желілерімен қамту жөніндегі жұмысты жандандыруы тиіс», - деді Президент өз сөзінде.
Президент Bharti Enterprises және OneWeb құрылтайшысы әрі төрағасы Сунил Барти Митталмен кездесуінде шалғай елді мекендерді интернетпен қамту үшін төмен орбиталы спутниктерді және жерүсті станциялар желісін пайдалану мәселелерін талқылады.
Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы аясында OneWeb ATLAS Live Demo жобасының презентациясы өтті. Онда OneWeb LEO спутниктерінің мүмкіндіктері таныстырылды.
Бұған дейін Аэроғарыш комитеті бұл жобаны OneWebKazakhstanLtd компаниясы жүзеге асырып жатқанын жазды. Барлық жұмыстар «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ және «Қазақстан Қарыш Сапары» ҰК» АҚ көмегімен 2021 жылдың 9 сәуірінде Байқоңыр қаласында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында атқарылып жатыр.
Еске салайық, 2021 жылдың тамыз айында Нұр-Сұлтандағы Ұлттық ғарыш орталығының алаңында сынақтарға дайындалу мақсатында OneWeb жабдығын орнату және конфигурациялау жұмыстары аяқталды.
Қазақстан астанасындағы цифрлық форумға келген OneWeb халықаралық корпорациясының бас атқарушы директоры Нил Мастерсон ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің көзінше OneWeb спутниктік жерсеріктері арқылы байланыс орнатып, оның мүмкіндіктерін көрсетті.
Корпорация басшысының сөзіне сенсек, бұл нақты уақыт режимінде OneWeb қызметтерінің жұмысын көрсететін Қазақстандағы бірінші демо LEO жүйесі.
OneWeb корпорациясымен бірлесіп жұмыс істейтін отандық компанияның бірі - «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ. Мұндағы мамандардың сөзіне сенсек, шетелдік жерсеріктер отандық «KazSat» ғарыш аппаратына еш бәсекелес бола аламайды, тек қосымша күш ретінде жұмыс істейді.
«Қазіргі уақытта ғаламдық жаңа технологиялар дәуірі басталды. Соның ішінде ғарыштық байланыс саласы да шет қалған жоқ. Қазақстанда өзінің Ұлттық ғарыштық байланыс операторы бар. Бұл біз. Қазір өзіміздің Қазақстан Ұлттық жерсерігін басқарып отырмыз. Олар - «KazSat-2» және «KazSat-3» жерсеріктері. Ғарыштық байланыс жүйесін ары қарай дамыту мақсатында түрлі жұмыстарды атқарып жатырмыз. Бұл ретте ғаламдық төмен орбиталық жерсеріктер топтамасы операторларының қарқынды түрде дамуы жүріп жатыр. Сол ғаламдық операторлармен өзара ынтымақтастықты орнатып, ары қарай бірлесіп жұмыс істеуді қолға алмақпыз. Яғни өзіміздің цифрландыру бағдарламарымыздың аясында кей мәселелерді шешу үшін осындай ғаламдық операторлармен ынтымақтастық орнатқан жөн. Солардың біреуі осы One Web компания болып табылады», - дейді «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ «Маркетинг, сату және халықаралық ынтымақтастықты дамыту» басқармасының басшысы Болат Сейітов.
OneWeb компаниясы – төмен орбитадағы ғаламдық жерсеріктер топтамасының операторы. Оның әрбір спутнигінің салмағы 147,7 келі, екі күн батареясымен, плазмалық қозғалтқыш жүйесімен және GPS борттық спутниктік навигация сенсорымен жабдықталған. Олар жер бетінен 1200 шақырым биіктікке қозғалады. Аппараттардың болжамды қызмет ету мерзімі - бес жыл.
«Біздің KazSat-тар орта классты спутник болып есептеледі. Олардың салмақтары 1 200 - 2 000 келі аралығында, олар геастационарлық орбитада 36 мың шақырым жерде орналасқан. Ал OneWeb спутниктері 1 200 шақырым қашықтықта геастационарлық емес орбитада жұмыс істейді. Бірақ олардың саны көп болғандықтан, көлемі де кішігірім болып келеді. Сондай-ақ, олар төмен орбиатада орналасқандықтан интернет жылдамдықтары басымырақ және сигналдың кідірісі төмен болады», - дейді Болат Сейітов.
Қазіргі уақытта OneWeb корпорациясы өзінің 464 ғарыш аппаратын ұшырды. Негізінен бірінші фазада 650 жерсерігі ұшырылады деп жоспарланған. Осыған сәйкес қалған 94-і келесі жылдың соңына дейін ұшырылуы тиіс екен.
«Сол сәттен бастап олар өздерінің қызметтерін Қазақстан территориясында үзіліссіз таратуға мүмкіндіктері болады. Айта кететін жайт, компанияның жалпы ұшыратын спутниктерінің саны 7 мыңнан асады. Қазір біз олармен халықаралық ынтымақстастық меморандум аясында жұмыс істеп жатырмыз. Соның барысында демо жобаны сынақтан өткіздік. Аталған спутниктің демо нұсқасын Қазақстанда іске қосу кезінде барлық шығынды OneWeb корпорациясы өзі көтерді. Біздің мемлекетіміз оған ешқандай қаражат жұмсаған жоқ. Біз техникалық тұрғыдан олардың қалай жұмыс істейтіндігін көргіміз келді. Жұмыстары орынды, бірақ әзірге үзілістері бар, себебі жерсеріктер әлі толығымен ұшырылған жоқ», - дейді басқарма басшысы.
Мамандардың айтуынша, шетелдік компаниямен өзара келісімшарт орнату орынды қадамдардың бірі болмақ. Себебі олай болмаған жағдайдың өзінде шетелдік ғарыш аппараттары орбитада ұшу кезінде Қазақстан территориясын да қамтитын болады, сондай-ақ, олар біздің нарыққа оп-оңай кіруі мүмкін.
«Қазір біз өзіміздің KazSat спутнигі арқылы Қазақстанның қажеттіліктерін толыққанды қамтамасыз етіп отырмыз. Сондай-ақ біздің ғарыш аппараттарымыздың жүктемесі толтырылған, сол себепті бізге қосымша жерсеріктері мен жылдам технологиялардың қызметі артық етпейді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің және Президенттің бізге берген тапсырмасын осы меморандум аясында орындамақпыз. Яғни біздің алдымызда шалғай ауыл-аймақтарда орналасқан елдімекендерге интернет жүйесін қосу міндеті тұр. Нақтырақ айтқанда, тапсырма бойынша 617 шағын ауылды интернетпен қамтамасыз етуіміз керек. Сол үшін біз осы төмен орбитадағы жер серіктесі топтамаларын қолданатын боламыз. Осы жылдың соңына дейін «KazSat» арқылы 10 елдімекенге интернетке қосылуға мүмкіндік береміз. Келесі жылы олардың санын 200-ге жеткізбекпіз. Ал қалған 400-ден астам ауылды осы төмен орбитадағы жерсеріктері топтамасының көмегімен интернетке қосуымыз мүмкін. Бірақ тағы да айта кетейін, ол үшін алдымен бұған дейін айтып өткенімдей 650 жерсеріктері толығымен ұшырылуы тиіс және жерден басқару кешені салынып бітуі керек», - дейді Болат Сейітов.
Спутниктік интернеттің кабельдік жүйеден басты артықшылығы мұнда инфрақұрылымдық жұмыстардың шығыны аз. Сондай-ақ, құрылғыны да бір жерден екінші жерге көшіру жеңіл.
«Спутниктік интернет бұл ең бастысы жылдамдығы басым және жер рельефінен ыңғайсыз аймақтарға де интернет жүйесін таратумен ерекшеленеді. Сондай-ақ, кей ауылдарда адам саны өте аз елдімекендер бар. Олар күндердің күнінде қалаға немесе басқа жаққа толығымен көшіп, салдарынан ол ауыл картадан мүлдем жойылып кетуі мүмкін. Сол себепті ондай жерлерге кабельді интернет жүйелерін тарту тиімсіз. Бұл ретте ғарыштық байланыс арқылы интернет жүйесін тарату әлдеқайда тиімді болмақ. Мәселен ауыл жойылып кеткен жағдайда vsat антенналарын демонтаждау арқылы басқа жерге ауыстыруға болады», - дейді маман.
Бұдан бөлек, отандық мамандар Қазақстанда OneWeb ғарыш аппараттарын жерүсті басқару кешенін салуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде Орталық Азия елдеріне де қызмет көрсететін жоба болмақ. Айта кетерлігі, бүгінде елімізде ғарыш аппараттарын жерүстінен басқаратын екі кешен бар. Біріншісі Елордаға жақын жердегі Ақкөл қаласының көрікті орман алқабында, ал екнішісі Алматы облысында орналасқан.
«Олардың қызметтерін Қазақстанда қалай жүзеге асатынын біздің техникалық тұрғыдан қарастырып көрдік. Сонымен қатар, олардың жерден басқару кешенін салу жұмыстарын да зерттеп жатырмыз. Аталған кешен жерсеріктер топтамасы біздің жердің төбесінен ұшқан кездегі басқару жүйесіне және интернет каналдарын жетілдіруге ықпал етеді.
Бұл төмен орбитада орналасқан жерсеріктері топтамасы болғандықтан, олардың интернет жүйесін жылдам қосуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ сигнал кідірісі де ұзақ емес», - дейді Болат Сейітов.
Сондай-ақ, интнернет мәселесіне келген кезде қазақстандықтарды алаңдататын тағы бір дүние бар, ол - қауіпсіздік мәселесі.
«Бұл ғаламдық ғарыштық оператор. Сол себепті олармен ынтымақтастық орнату біз үшін өте маңызды деп айтуға болады. Себебі коммерциялық тұрғыдан да, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау жағынан да бұл жобаны қосымша күш ретінде пайдалану бізге тиімді. Қазақстаннның барлық мемлекеттік органдары «KazSat» арқылы жұмыс істеп жатыр. Олар ешқандай шетелдік операторлармен жұмыс істемейді. Ал бизнесті біз өзіміздің бақылауымызға аламыз және OneWeb компаниясымен болатын келісімдердің барлығы біз арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, бір ғарыш аппараты істен шыққан жағдайда, басқасы қосылатын болады. Уақыт бойынша кідірістер болуы мүмкін, бірақ толыққанды қосылу өшірілмейді», - деді Болат Сейітов.
Айжан Жанатқызы