$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Салық саласындағы өзгерістер: «Қосылған құн салығын төлеуден кімдер босатылады?»

Келесі жылы Парламентке Жаңа салық кодексі енгізіледі

Салық саласындағы өзгерістер: «Қосылған құн салығын төлеуден кімдер босатылады?»
Фото ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жиынтық жүктемені азайта отырып, микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлемді енгізуді тапсырған еді. Қазіргі уақытта еңбекақы қорынан мөлшерлемелері, есептеу базалары әртүрлі бірнеше төлемдер төленеді. Ұлттық экономика министрлігі аталған төлемдерді бір төлемге біріктіруді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында бұл жұмыстың қалай атқарылатыны талқыланды. Ұлттық экономика министрлігі ұсынып отырған жаңа заң жобасы бойынша әлеуметтік аударым мөлшері қызметкерлерге төленетін төлемдерге әсер ететіндіктен, жүктемені жеке табыс салығы есебінен төмендету көзделіп отыр.

«Бірыңғай мөлшерлеме міндетті зейнетақы жарналарын енгізуді және әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің өсуін ескеретін болады. Төлемді арнаулы салық режимдеріндегі микро және шағын бизнес субъектілері ерікті негізде қолданатын болады. Сома бірыңғай жиынтық төлем тетігіне ұқсас бөлінеді. Осылайша, бірыңғай төлем салықтар мен еңбекақы төлемдерін есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік береді. Бұл негізгі өзгерістердің бірінші блогы», - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Түзетулердің екінші блогы салалық заңнамалардағы өзгерістермен байланысты. Конституциялық Соттың құрылуына орай Конституциялық сотқа жүгінген кездегі мемлекеттік бажды белгілеу және халықтың әлеуметтік осал топтарын босату ұсынылады.

Сонымен қатар, тағы бір норма жер қойнауын пайдалану саласына қатысты. 2024 жылдан бастап мемлекеттік балансты жүргізу тоқтатылады. Қорлар жаңа жүйе бойынша бағаланатын болады. Осыған байланысты пайдалы қазбаларды өндіру салығын салу объектісін өзгерту ұсынылады.

Түзетулердің үшінші блогы отандық тауар өндірушілерді ынталандыруға бағытталған. Мәселен балық аулау кәсіпорындары балықты өңдеу кезінде қосылған құн салығын 70%-ға азайтуы туралы норма ұсынылады. Қазір мұндай жеңілдікті балық өсіруші қожалықтар қолданады.

«Сонымен қатар, қант өндірісін ынталандыру үшін шикі қант импортын қосылған құн салығынан босату, сондай-ақ қант өндірушілер үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту ұсынылады»,- деді Қуантыров.

Бұдан бөлек, тазартылған алтынды сатуға қатысты да норма өзгереді. Қазір Ұлттық Банк алтынды сату кезінде ҚҚС-дан босатылған. Осы норманы алтын сататын зергерлерге де қолдану ұсынылады.

Сондай-ақ, электр желілерін ірілендіру мәселесі шешіледі. Энергия беруші ұйымның электр желілерін өтеусіз алуы кезінде салық міндеттемелерінің туындауын болдырмау ұсынылады.

«Түзетулердің төртінші блогы көлік жүйесін одан әрі дамыту шараларын көздейді. Теміржол көлігі саласында нөлдік тарифті қолдана отырып, жолаушылар тасымалдаушыларына магистральдық теміржол желісі қызметтерін көрсету кезінде салық салу мәселелерін реттеу көзделген. Азаматтық авиация саласында сертификаттар бергені үшін алымдарды алып тастау бойынша нормалар енгізіледі, өйткені қызметтерді өзін-өзі қаржыландыратын ұйым көрсетеді. Сондай-ақ, транзиттік әуе кемелеріне жанармай құю кезінде қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдануды кеңейту ұсынылады. Қазір жеңілдікті тек әуежайлар қолдана алады. Автомобиль тасымалдарын дамыту үшін шығарылған жылы 7 жылдан аспайтын ершікті тартқыштарды бастапқы тіркеу үшін алымнан босату ұсынылады», - деді ведомство басшысы.

Бесінші блок жеке тұлғалардың төлемдеріне қатысты. Чек бермеу фактілері туралы хабарлағаны үшін сыйақы алу, ипотекалық кредит бойынша берешекті есептен шығару, жалдау құнын төмендету және тұрғын үйді жалға алуға бюджеттік субсидиялар алған кездегі салықтық тәуекелдер алып тасталады.

Заң жобасында осы сынды тағы да бірқатар міндеттер көзделген:

- пестицидтер өндіруге арналған шикізат және (немесе) материалдар импортын ҚҚС-дан босату;

- ұстаушысы БЖЗҚ болып табылатын бағалы қағаздарға төленетін сыйақылар бойынша шегерімдерге арналған шектеулерді алып тастау;

- сатып алғаннан кейін бір жыл ішінде ғана құнының өсуімен тұрақ орындарын сату кезінде мүліктік кіріс бойынша нормаларды қолдану;

- көлік құралдары бойынша мүліктік табысты айқындау кезінде кедендік төлемдердің құнын есепке алу;

- ҚР аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомобильдерді заңдастыру кезінде бастапқы тіркеу үшін 200 000 мың теңге сомасында алым мөлшерлемесін белгілеу;

- тұрмыстық аспаптарды және (немесе) тұрмыстық электроника аспаптарын өткізу бойынша айналымдарды ҚҚС-дан босату;

- мемлекеттік емес музейлер әкелетін өнер туындыларының импортын, осындай туындылардың тізбесін бекіте отырып, ҚҚС-дан босату;

- жүктерді халықаралық тасымалдауды ынталандыру үшін шығарылған жылы 7 жылға дейін ершікті сүйрегіштерді алғашқы тіркегені үшін алым төлеуден босату ұсынылады;

- ипотекалық кредит бойынша берешекті есептен шығарудан түскен кірістерді ЖТС-дан босату;

- жақсартылған модельдік келісімшарт үшін, оның ішінде газ жобалары үшін салықтық ынталандыруды ұсыну.

Сондай-ақ, заң жобасы салықтық әкімшілендіруді жеңілдету бөлігіндегі нормаларды ұсынады, мысалы:

- электрондық шот-фактураларды қолдану арқылы камералдық бақылау жөніндегі нормаларды заңнамалық бекіту;

- ҚҚС қайтару мерзімін  күнтізбелік 155 күннен 75 жұмыс күніне дейін қысқарту;

- жалдамалы жұмыскерлер санын салық құпиясын құрмайтын мәліметтер тізбесіне қосу;

- ЕАЭО елдерінің аумағынан уақытша әкелінген тауарлардың Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімін белгілеу;

- салық міндеттемесін орындау кестесін қайта қарау құқығын беру.

Өз кезегінде сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы елдегі көлеңкелі бизнестің түйіткілді мәселелерін тілге тиек етіп, онымен күресу жолдарына қатысты министрге сұрақ қойды.

«Президент көлеңкелі экономиканың көлемі ІЖӨ-нің үштен біріне тең екенін айтқан болатын. Бұл ресми мәлімет. Ал енді сарапшылардың бейресми мәліметтері бойынша көлеңкелі экономика одан да жоғары, 50 пайыз деген болжам бар. Егер бұл мәлімет шындыққа жанасатын болса, 20 трлн ақша көлеңкелі айналымда жүр деген сөз. Ол қаржы айналымға шықса, бюджеттің де табысы артып, біраз мәселені шешкен болар еді. Көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің ең тиімді дамыған елдерде тәжірибеден өткен тәсілі - цифрлы технологияларды мейлінше көп пайдалану. Бұл бағытта елімізде біраз жұмыстар жасалып жатыр. Сонымен қатар шетелде өзге де тәсілдер қолданылады. Мысалы, көптеген елдерде әрбір сатып алушыға дүкендерден шыққаннан кейін қосылған құн салығының 2 пайызын бонус ретінде қайтарып береді. Бұл Еуропа елдерінде де бар. Осыған байланысты министрлік тарапынан келешекте фискалды түрде бекітілген қолды ақшаны көлеңкеден шығаруға қандай шаралар қолға алынады?», - деді сенатор.

Бұдан бөлек, Мұрат Бақтиярұлы 1995 жылы салық кодексі қабылданғаннан бері заңға  1 200-ден астам түзетулер енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл Қазақстан тарихындағы ең көп өзгертілген нормалары бар кодекс.

«Кез келген кәсіпкерге түсінікті болуы үшін барлық салық жүйесін нақты айшықтайтын жаңа салық кодексін қашан қабылдйасыздар? Біз елді аралап, кәсіпкерлермен кездескен кезде олар алдағы уақытта 5 пайыздық зейнетақы жарнасын қосымша төлеуге міндеттеуге қатысты өздерінің алаңдаушылығын білдірді. Ертеңгі күні бұл жалақыны конвертпен беруге итермелеуге немесе жұмысшылардың айлығын 5 пайызға төмендетуге алып келуі мүмкін. Сондықтан да бұл бағытта бизнес қауымдастықпен әлі де болса ақылдасып, пысықтау керек сияқты. Осы мәселеге қатысты министрліктің пікірі қандай?», - деп сұрады депутат.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров көлеңкелі экономиканы төмендету үшін тұрақты жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеп, бұл ретте жоспар бойынша өзгерістер болатынын айтты.

«Жоспар бойынша енді бөлшек саудада салық режимін кеңейту және ставкаларын төмендету көзделген. Осы режимге көшсек, шағын және орта бизнес субъектілері қосылған құн салығын төлемейді. Біздің болжамымыз бойынша, осы шаралар көлеңкелі экономиканың үлесін төмендетуге мүмкіндік береді. Содан кейін жаңа салық кодексінің ішінде осы мәселені жан жақты қарастырамыз. Қолданыстағы салық кодексінің жобасында тиісті тұрақтылық пен болжамдылық принциптерін қарастырамыз. Тиісті нормаларды келесі жылдан бастап енгізу үшін өзгерістер мен түзетулер 1 шілдеге дейін қабылдануы тиіс. Осы желтоқсан айынан бастап жаңа салық кодексі бойынша белсенді жұмыс атқарамыз», - деді Қуантыров.

Ал зейнетақы мәселесін Әлібек Қуантыров Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің міндеті екенін айтты.

«Зейнетақы мәселесі бойынша, онымен тиісті орган – Еңбек минситрлігі айналысады. Бірақ өз пікіріміді айтар болсам, біздің негізгі міндетіміз бизнеске қосымша жүктемені салмау, бірақ бұл бастама жоғары зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуді көздейді. Жаңа салық кодекстін әзірлеу барысында бұл мәселені пысықтайтын боламыз. Бұл кезең-кезеңімен іске асыралатын болады», - деді ол.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Жаңа салық кодексін Парламентке қашан енгізуді жоспарлап отырсыздар?» деген сауалына ведомство басшысы бұл жұмыс келесі жылдың кыркүйегіне дейін жалғасатынын айтты.

Айжан Жанатқызы

Серіктес жаңалықтары