Қос азаматтықпен жүрген ресейлікке 500 мың теңге айыппұл салынды
Жыл басынан бері 53 адам қос азаматтығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Ресей Федерациясының азаматына қос азаматтығы үшін жарты миллион теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәскеу – Қарағанды бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін Қарағанды – Сұрыптау станциясындағы Желілік полиция бөлімі көші-қон бөлімшесінің қызметкерлері ҚР ҰҚК шекара қызметімен бірлесіп, 34 жастағы ер адамды ұстады. Тексеру барысында ұсталған азаматтан Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының қос азаматтығы анықталды.
Көлік полицейлері құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.
«Қарағанды облысы Бұқар-Жырау аудандық сотының шешімімен Ресей Федерациясының азаматы 428 820 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түрінде жауапқа тартылды. Естеріңізге сала кетейік, осы жыл басынан бері Көліктегі ПД Қазақстан Республикасының Халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 1136, оның ішінде қос азаматтығы үшін 53 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ сот қаулысымен 194 шетелдік елден тыс шығарылды, олардың барлығына 5 жыл мерзімге елімізге кіруге тыйым салынды»,- деді Көліктегі ПД.