Павлодарда тоқ соғып қайтыс болған балалардың өліміне кінәлілер сотталды
Қайғылы оқиға 2019 жылы қыркүйек айында болған

Павлодар қаласының №2 соты Жаңаауыл ауылында тоқ соғып қаза тапқан 2004 және 2006 жылы туған екі жасөспірімнің өліміне айыпталушыларға үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
№2 қалалық сотта Павлодар қаласының сәулет бөлімі басшысының бұрынғы орынбасары Тимур Айдархановқа, «Арыся» ЖШС мердігерлік ұйымының басшысы Айтжан Сеисовқа және «ПРЭК» АҚ бас инженері Сергей Кириленкоға айыптау үкімі шықты. Сот Айтжан Сеисовты ҚР ҚК-нің 254-бабында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Осындай мерзім, бірақ ҚР ҚК-нің 371-бабы 2-тармағы бойынша Тимур Айдархановқа белгіленді. Сергей Кириленко ҚР ҚК 254 және 104-баптарымен қарастырылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен бір жыл және алты ай жаза тағайындау ұсынылды
Қайтыс болған балалардың отбасыларына моральдық зиянды өтеу есебіне сот Сейісов, Айдарханов және Кириленкодан 5 млн теңгеден өндіріп алу туралы қаулы етті.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 2019 жылы қыркүйек айында Жаңаауыл ауылында болған. Қоршалған спорт алаңының аумағында ойнап жүрген 2006 және 2004 жылы туған ағайынды екі бала төрт метрлік темір қоршауға түсіп, 6 мың вольт кернеулі кәбілді кездейсоқ іліп әкеткен. Нәтижесінде екі жасөспірім де қаза тапты.