$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шекарадағы өткізу пунктеріндегі техникалық бақылау құралдарының 70%-дан астамы ескірген

Өткізу пункттеріндегі жаңғырту және техникалық жарақтандыру жұмыстары 2024 жылы аяқталады

Шекарадағы өткізу пунктеріндегі техникалық бақылау құралдарының 70%-дан астамы ескірген

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында көлік-логистика кешенін дамыту мәселесі айтылды.

«Өзекті мәселенің бірі – көлік-логистика кешенін дамыту. «Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңі табысты жүзеге асырылды. Соның арқасында елордамызды өңірлермен «тармақтану» қағидаты бо­йынша байланыстыруға мүмкіндік туды. Көлік жүйесінің жаңа инфрақұрылымдық ұстыны қалыптасты. Еліміздің жаһандық көлік дәліздерімен интеграциялануы қамтамасыз етіліп, Азия мен Еуропаны байланыстырған Қазақстанның тарихи мәртебесі қалпына келтірілді. Дегенмен, бұл саладағы бәсекелестік өте күшті. Орталық Азия өңірінде пайда болған баламалы жобалар Қазақстанның көлік әлеуетін төмендетуі мүмкін. Сол себептен «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасының екінші кезеңі еліміздің көлік-транзит секторының жетекші рөлін бекемдеуге арналуы керек», - делінген Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында.

Ондағы маңызды міндеттер бірі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына негізделген. Бағдарлама аясында көліктранзит секторының құрылыс жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов айтты.

«Орталық Азия елдері арасындағы белсенді сауда-экономикалық қатынастар Қазақстанның транзиттік және экспорттық-импорттық мүмкіндіктерін дамыту үшін алғышарттар жасайды. Қазақстан көрші елдермен сауда қатынастары әлеуетін дамытуды көздейді. Кедендік формальдылықты оңайлатуда өткізу пункттерінің физикалық инфрақұрылымының жай-күйі маңызды болып табылады. Елде заңдар мен ақпараттық жүйелер үздік бола тұра, шекара маңындағы инфрақұрылым әлсіз болса, жалпы сыртқы сауданы дамыту үшін көздегендей нәтиже болмайды», - дейді Бақытжан Слямов.

Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі Мемлекет шекараларында заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын бекітті, онда 2024 жылы өткізу пункттерін жаңғыртуды және техникалық жете жарақтандыруды аяқтау көзделген.

Бүгінде ЕАЭО кедендік шекарасының қазақстандық учаскесінде 14 автомобиль өткізу пункті орналасқан, оның 2-уі жаяу жүргіншілерді оңайлатылған тәртіппен өткізуге арналған. Сондай-ақ, 6 теміржол бар.

«Соңғы онжылдықта шекарадан өтетін жүк пен жолаушылар ағыны айтарлықтай өсті. Сонымен қатар, күн сайын шекарада бақылау қызметтерінің өкілдері жұмыс істейтін көптеген ғимараттар бірнеше ондаған жыл бұрын салынған. Өткізу пункттерін соңғы қайта құру 2011 жылы жүргізілді. Өткізу пункттерінің қолданыстағы технологиялық жабдықтары көбінесе қазіргі заманға сәйкес келмейді, технологиялық жабдықтарды соңғы рет сатып алу да 2011 жылы жүргізілді. Осыған байланысты мемлекеттік кірістер органдарының алдында тұрған басым міндеттердің бірі өткізу пункттерінің инфрақұрылымдық міндеттерін шешу болып табылады», - дейді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов.

 

9 автомобиль және 1 теміржол өткізу пунктін жаңғырту басталды

Қытай шекарасында, бүгінде пандемияға байланысты көлік құралдарын өткізу әлі де шектеулі, осыған байланысты жүргізушілер өз кезегін апталап күтулеріне тура келеді.

Бұдан бөлек, шекарадағы өткізу пункттерінде техникалық бақылау құралдары жабдықтарының 70%-дан астамы ескірген, инфрақұрылым болса, көліктердің көбеюіне байланысты біркелкі және жедел өткізуді жүзеге асыра алмай отыр.  

«Өзбекстан Республикасы да өткізу пункттерін жаңғыртуды жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын айта кету керек, сол үшін екі Үкімет арасында өткізу пункттерін, автомобиль жолдарын қайта құру және жаңғырту және Қазақстан-өзбек шекарасындағы іргелес аумақты жайластыру жөніндегі Жол картасына қол қойылды», - дейді Бақытжан Слямов.

Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылдан бастап ЕАЭО сыртқы шекарасындағы 9 автомобиль, 1 теміржол өткізу пунктін және Астана қаласындағы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Бас диспетчерлік басқармасын жаңғыртуды және техникалық жете жарақтандыруды бастады.

«Барлық 9 автомобиль өткізу пункті бойынша жобалау компаниясы жобалау-сметалық құжаттама әзірледі, мемлекеттік сараптаманың қорытындылары алынды. Әрбір нысанды қайта құрудың жоспарланған мерзімі – 19 ай. Қазіргі уақытта «Достық» автомобиль өткізу пунктінің құрылысы және «Достық» теміржол өткізу пунктін техникалық жабдықтау басталды. 2022 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Өзбекстан тарапымен келісім бойынша «Қапланбек» (ҚР) және «Зангиота» (ӨР) автомобиль өткізу пункттерін қайта құруды бастау жоспарланып отыр, халықтың тығыз орналасуына және қолайлы жағдайдың болмауына байланысты өткізу пунктері толық жабылады. Қалған өткізу пункттерін қайта жаңартуды жабусыз, бірақ автокөлік пен жеке тұлғалардың қозғалысын шектей отырып, жүргізу жоспарлануда. Барлық өткізу пункттерін қайта жаңарту жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін аяқталады», - дейді Бақытжан Слямов.

Барлық өткізу пункттері Мемлекеттік шекарадан өту кезінде Қазақстан азаматтары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасауға негізделген. Жолаушылар терминалдарында, сондай-ақ жүк көліктері жүргізушілеріне арналған тұрақта халықаралық әуежайларға  ұқсас барлық қажетті жағдайлар көзделетін болады. Сонымен қатар, көлік құралдарын өткізудің  барлық циклі автоматтандырылады. Нақтырақ айтқанда, көлік құралдарының тоқтаусыз қозғалысына арналған техникалық бақылаудың бірыңғай өтпелі автоматтандырылған дәліздері орнатылатын болады. Сондай-ақ, «Достық» автомобиль өткізу пунктінің алдына «ҚазАвтоЖол» АҚ 2023 жылы 200 көлік транспортына арналған тұрақ салуды жоспарлап отыр.

«Нұр Жолы» өткізу пункті іске қосылғаннан бастап бюджетке төлемдер түсімі 5,5 есеге артты

«Нұр Жолы» автомобиль өткізу пункті арқылы 4 жыл ішінде 209 432-ден астам көлік құралдары өтті. Бұл ескі «Қорғас» өткізу пунктімен салыстырғанда көлік саны 1,6 есеге артқан, ал төлемдер түсімі 546,6%-ға дейін ұлғайған.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінде орналасқан жаңа «Нұр Жолы» автомобиль өткізу пункті 2018 жылы Қазақстан-Қытай шекарасында мемлекет пен жеке әріптестік механизмі арқылы пайдалануға берілді.

Өткізу пункті Орта Азиядағы ең ірі және технологиялық жағынан озық болып табылады. Құрылысқа арналған инвестициялық шығындар шамамен 69 млрд теңгені құрады.

«Пункт жұмыс күндері 2,5 мың көлік құралын және 15 мың жеке тұлғаны қозғалыстың екі бағытында, оның ішінде жүк көлік құралдары – 2 200 бірлік, жолаушылар көлік құралдары (автобустар мен жеңіл автомобильдер) – 300 бірлік тасымалдауды көздейді. Өткізу пункті жұмыс істеген уақыт ішінде 209 432-ден астам (2018 жылғы қазаннан 2022 жылғы қазанға дейін) көлік құралдары өтті, 223 356 млн.теңгеден астам кедендік баждар мен салықтар түсті. Ескі «Қорғас» өткізу пунктімен салыстырғанда 4 жыл ішінде (127 264 АКҚ және 40 864 млн тг КТменС) көлік саны 1,6 есе өсті, төлемдер түсімі 546,6%-ға өсті», - дейді Бақытжан Слямов.

«Б. Қонысбаев» автомобиль өткізу пунктінде қарбалас кезеңде көліктер саны 300 бірлікке дейін жетеді

2020 жылы бюджет қаражаты есебінен «Б. Қонысбаев» автомобиль өткізу пункті қайта жаңартылып, оның аумағы 2 есеге жуық (3,6 гектардан 6 гектарға дейін) кеңейтілді.

Өткізу бекеті қазақ-өзбек шекарасындағы ең ірі пункт саналады. Құрылысқа арналған инвестициялық шығындар шамамен 15 млрд теңгені құраған. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасарының айтуынша, аталған өткізу бекеті арқылы тәулігіне 1,5 мың көлік құралын және 10 мың жеке тұлғаны қозғалыстың екі бағытында, оның ішінде жүк көлік құралдары – 1 мың бірлік, жолаушылар көлік құралдары (автобустар мен жеңіл автомобильдер) – 500 бірлік өткізу көзделген.

«Өткізу пунктінің жұмыс істеуі кезінде (2019 жылғы желтоқсаннан 2022 жылғы қазанға дейін) 230 525-тен астам көлік құралы  өтті, 3 248 млн теңгеден астам кедендік баждар мен салықтар түсті. Өткізу пункттерін жобалау кезінде Комитет өткізу пункттерін жайластыру бойынша халықаралық сарапшылардың ең озық технологиялық шешімдері мен ұсынымдарын ескерген», - деді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы өткізу пункттерінің алдында автокөлік құралдарының көптеп жиналуы жиі байқалады, қарбалас кезеңдерде бұл көрсеткіш 300 бірлікке дейін жетеді екен.

«Достық» автомобиль өткізу пунктінде электрондық кезек жүйесі іске қосылды

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, 2022 жылғы 23 қарашадан бастап Қытаймен шекарада "Достық" автомобиль өткізу пунктінде электрондық кезектің автоматтандырылған жүйесін пилоттық жүйеде іске қосуды жоспарлап отыр.

«Ол үшін мемлекеттік органдар «Қазақстаннан шыққан кездегі көлік құралдарын өткізуді ұйымдастырудың уақытша схемасын» бекітті. Осы жылдың 23 қарашасынан бастап мұнда Qoldau.kz платформасының немесе «Сargoruqsat» мобильді қосымшасының (IOS немесе Android) автоматтандырылған электрондық кезек жүйесі пайдаланылатын болады. Электрондық кезек жүйесін құрудың мақсаты көлік құралдарының, жүктер мен тауарлардың өткізу пунктіне кіру кезектілігін қалыптастыру процесінің ашықтығы мен цифрландырылуын қамтамасыз ету болып табылады», - деді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов.

Жүйені ҚР Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ мамандары әзірледі. Бұл жүйе барынша ыңғайлы және ашық болып табылады, жүргізуші көрсетілген порталда немесе мобильді қосымша арқылы тіркелгеннен кейін жол жүру үшін бос күн мен уақытты таңдайды. Бұл ретте жүргізуші өз кезегі туралы SMS-хабарлама алады.

Пилоттың қорытындысы бойынша Мемлекеттік шекараның барлық периметрі бойынша электрондық кезек жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

«Шекарадан өтуге байланысты жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылаудың көптеген түрлері орталықтандырылатын болады. Тауарлар мен көлік құралдарын шығару туралы шешім орталықта және шектеулі уақыт аралығында қабылданады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша толыққанды бақылау және азайту үшін жасалады. Өткізу пункттерін жаңғырту және электрондық кезек жүйесін енгізу аяқталғаннан кейін өткізу пункттерінің барлық инфрақұрылымдық мәселелері шешіледі, шекарадан өтудің қолайлы болуына және бақылауды жеделдетіп жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалады», - дейді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов.

Айжан Жанатқызы

Серіктес жаңалықтары