«Жұмыс көп, жалақы аз»: қызылжарлық кітапханашы министрге шағымданды
Маманның айтуынша, алатын еңбекақысы 100 мың теңгеге де жетпейді
Қызылжарлық Айгүл Байтүкина мектеп кітапханашыларының жалақысының аздығына шағымданды. Маманның айтуынша, алатын еңбекақысы 100 мың теңгеге де жетпейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысына іссіапармен барған Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов сала мамандарымен кездесті. Педагогтар қауымы өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салды. Солардың бірі – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің кітапханашысы Айгүл Байтүкина.
«Кітапханашы болып еңбек етіп жүргеніме 20 жылға жуықтады. Жалықымыз мардымсыз. Соның салдарынан жазда қаншама маман жұмыстан кетіп қалды. Жүктеме аз емес. Қазір кітаптардың барлығын сандық жүйеге көшіріп жатырмыз. Балалармен де, техникалық базамен де жұмыс істейміз. Бізге «педагог» мәртебесі берілмеген. Біз мектептегі жұмысшылармен бір қатарда тұрмыз. 100 мың теңгеге жетпейтін кіріспен несие төлеп, бала оқытуымыз керек. Оның мүмкін емес екенін бәрі біледі. Сондықтан осы мәселе көп ұзамай шешімін тапса екен», - дейді маман.
Министр бұл мәселені шешуге уәде етті. Сонымен қатар жиында өңірдегі білім беру саласындағы өзекті проблемалар талқыланды.
«Солтүстік Қазақстанда шағын жинақты мектептер көп. Сондықтан қала мен ауылдағы білім беру ошақтарының арасында алшақтық көп. Бұл – кезек күттірмей шешуді талап ететін проблемалардың бірі», - деді Асхат Аймағамбетов.
Петропавлда «Жайлы» мектеп бағдарламасы бойынша 4 мектеп салынбақ. Жаңа нысандардың құрылысын 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Әкімдік құрылыс салуға арналған жер учаскелерін «Жас Өркен», «Орман», «Береке» және «Копай» аудандарынан бөлді. Қазір инфрақұрылым тартылуда. Бұл мақсатқа 4 млрд теңге жұмсау жоспарланған.