$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ресейдегі мобилизация Қазақстан экономикасына қалай әсер етті?

Көрші елде мобилизация басталғанына 2 айдан астам уақыт өтті

Ресейдегі мобилизация Қазақстан экономикасына қалай әсер етті?
Фото: sputnik.kz

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мәжіліс отырысының кулуарында Ресейдегі мобилизация Қазақстан экономикасына қалай әсер еткенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Әзірге негатив жағын айта алмаймын. Бұған дейін бұл жағдайдың уақытша құбылыс екенін айтқан болатынмын. Шынымен де солай болды. Қазақстанға келген ресейліктердің үштен екісі яғни, (Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін – автор) алғашқы 2 аптада 200 мың ресейлік елден шығып кетті. Олар Қазақстан аумағын транзит ретінде пайдаланды. Тек тұруға ықтиярхат алып, оқуға немесе емделуге қалған жағдайларды қосапағанда, қалғандары елде 90 күн бола алады. Олардың осындай құқығы бар», - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Министр атағандай, алғашында әлеуметтік инфрақұрылымға салмақ түсті.

«Жалпы мәселе шешілді. Қазақстан өзінің қонақжайлығын көрсетті.Сондай-ақ, біз барлық қызметтің уақытында көрсетілуін қамтамасыз етіп, қазақстандықтардың мүддесін қорғадық. Жағымды жағына тоқталайын. Жоғары біліктілікті талап ететін салаларды алайық. Бұл жағдай салада әділ бәсекелестікті қалыптастырып, азаматтарымыздың біліктілігін арттыруға мүмкіндік берді. Мысалы, IT саласы. Коронавирус пандемиясы бұл саланың дамуына серпін берді. Сондай-ақ, бізге Ресей, Беларусь және Украинаның IT-мамандары ағылды. Менің ойымша, бұл экономиканың дамуына оң әсер етеді. Оның ішінде цифрландыру да бар», - деді ол.

Әлібек Қуантыровтың айтуынша, мұндай ағын тұтынушылық сұранысқа әсерін тигізеді.

«Әрине, бағаға әсерін тигізеді. Басында дүрбелең болды. Кейін жағдай тұрақталды ғой. Менің ойымша, сауда балансына да оң әсерін тигізді. Себебі, адамдар осында келіп, түрлі қызметтер мен тауарларды сатып алады, яғни біз қызметтерді экспорттадық. Оны біз осында ресейліктерге саттық. Мұны өз аумағымыздағы қызмет көрсету экспорты дейді. Бұл да жалпы сауда балансына оң әсерін тигізді», - деп түйіндеді министр.

Серіктес жаңалықтары