БҚО-да ауыл мектебінің оқушылары әкімдіктің тар ғимаратында оқуға мәжбүр
Мердігер компания аудандық білім бөлімімен жасасқан келісімшартты орындамаған
Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы Чувашинское орта мектебінің оқушылары әкімдік ғимаратында білім алуға мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Әділдік жолы» өңірлік қоғамдық ұйымының облыстағы филиал басшысы Бауыржан Ахметжанның айтуынша, 8 шілдеде Бәйтерек аудандық білім бөлімінің басшылығы «ГрадСтройСервис» ЖШС директорымен 348,8 млн теңгеге келісімшарт жасасқан. Бұл ақшаға мердігер Чувашинское орта мектебінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуі керек болған.
«18 қарашада біз мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталмағанын, ал аяқталу мерзімі 2 қарашаға белгіленгенін анықтадық. Құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімі өтіп кеткен. Сарапшылардың бағалауы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 40 пайызға ғана орындалған», дейді Бауыржан Ахметжан «Мой город» порталының тілшісіне.
Ол ғимаратқа жылу (батареялар мен құбырлар), электр энергиясы, су құбыры, кәріз жүйесі тартылмағанын, кейбір пластикалық терезелер мен есіктердің орнатылмағанын, ішкі қабырғаның кірпіштері қаланбағанын, төбесі толық жабылмағанын және еден төсеу жұмыстары жүргізілмегенін, сондай-ақ сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілмегенін атап өтті.
Ал шатыр жабу және қиықтас төсеу жұмыстарын қосалқы мердігер жүргізуі тиіс болғанымен, жеткізуші бригада орнында жоқ болып шыққан.
«Тапсырыс беруші ЖШС шотына 192 миллион теңге аударған, бұл сома одан да көп болуы мүмкін, өйткені олар порталға барлық құжатты жүктемеген. Бұл ретте балалар ауыл әкімдігінің тар әрі жарамсыз ғимаратында білім алып жатыр», – дейді әлеуметтік қызметкер.
Аудандық білім бөлімі мектеп ғимаратындағы жөндеу жұмыстары 2 қарашада аяқталуы тиіс екенін растады. Алайда кестеден кешігу себебі айтылмады.