Бүгін Қазақстанның басым аумағында жаңбыр және қар жауып, тұман түседі
Республика бойынша көктайғақ болады
Синоптиктер 23 қарашаға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстан Республикасының басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады, жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын, шығысында қар жаууы мүмкін», - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
Республика бойынша тұман түсіп, көктайғақ болады, облыстың батысында, шығысында, оңтүстік-шығысында жел күшейіп, Қазақстан Республикасының шығысында, солтүстік-батысында жаяу бұрқасын болады.
Жетісудың таулы және тау бөктеріндегі аудандарында, Алматы облысының оңтүстігінде және таулы аудандарында, Жамбыл облысының солтүстік-шығысында, таулы аудандарында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында, Абай облысының оңтүстігінде қатты қар күтіледі.
Астанада көшпелі бұлт шығады, түнде аздаған қар жауады. Шығыстан соғатын жел секундына 2-7 метрге жетеді. Ауа температурасы түнде -15-17, күндіз -12-14 градус болады.
Алматыда бұлтты, жауын-шашынды, кей уақытта қатты жаңбыр жауып, тұман түседі. Жел секундына 3-8 метрге жетеді. Ауа температурасы түнде +2+4, күндіз +5+7 градус болады.
Шымкентте көшпелі бұлт шығады, түннің бірінші жартысында жаңбыр жауады. Түнде және таңертең тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан секундына 5-10 метр жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде +3+5, күндіз +14+16 градус болады.